«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тік жүріп, түзу отыр

Бала кезімізде, әсіресе, мектепте оқып жүргенде, “бүкірейме”, “түзу отыр”, “тік жүр”, “түзу жат”, “түзу тұр”, “ауыр көтерме, белің қисаяды” деген сөздерді ұстаздарымыз мен ата-анамыздан жиі еститінбіз. Бірақ бала көңіл ол сөздің түпкі астарына бойлай бермейтін. Кейіннен ойланып қарасақ, мұның астарында бала денсаулығы, бүкіл елдің болашағы жатыр екен. Осы ретте халық “Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың”, деп бекер айтпапты. Барлық омыртқа бір-бірімен шеміршектер, бұлшық еттер, сіңірлер арқылы байланысып, омыртқа жотасын құрайды. Омыртқа жотасы тұлғаны алға, артқа, оң мен солға қарай иіп-қозғалту арқылы түрлі қимылға келтіреді. Омыртқа жотасы адамның тік жүруіне байланысты қалыптасады.

Технология дамыған заманда адамдардың қимыл-қозғалысы азайып, керісінше, бір жерде ұзақ уақыт отыру әдетке айналып барады. Ғалымдардың мәліметінше, Қазақстанда 14 жасқа жеткен әрбір 8-ші баланың арқа омыртқасы өзгеріске ұшыраған. Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары жақында 100-ден астам жасөспірімді топографиялық тексерістен өткізді. Нәтижесі дәрігерлердің алаңдаушылығын тудыруда.

Қазір жеткіншектердің арасында көздің нашар көруі, омыртқаның қисаюы және тыныс алу мүшелерінің ауруы сияқты кінәраттар белең алған.

– Омыртқа жотасы 5 пен 7 жас аралығында тым иілгіш келеді. Сол кезден бастап баланың дұрыс отыруын, иығына асатын сөмкесінің ауыр болмауын үлкендер үнемі қадағалуы тиіс. Ерте жастан қыздарға биік өкшелі аяқ-киім киюге болмайды. Мұның бәрі артынан омыртқаның қисаюына әкеліп соғады. 106 жасөспірімді топографиялық тексерістен өткіздік. 30 пайызында омыртқасының өзгеріске ұшырауы байқалды. Бұл – алаңдарлық жайт. Қазақстанда тірек-қимыл аппараты бұзылуының алдын алу және оны оңалту шараларын қолға алу керек. Сколиоз өсе келе қимыл-қозғалысты қиындатады, – дейді саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Қадырбек Болатбаев.

Көршілес Ресей мемлекетінде балалардың омыртқа жотасына ерте жастан тегін тексеріс өткізеді. Мұндай скрининг түрі, әзірше, Қазақстанда жоқ. Дегенмен, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы қарап отырған жоқ. Орталық операторы Павел Кривенко Ресейден жаңа аппаратты басқарудың қыр-сырын үйреніп келді. Ал шетелден әкелінген компьютерлік-оптикалық топография аппаратының көмегімен баланың дене бітімі мен омыртқасындағы өзгерістерді ерте сатысында анықтауға болады. Құрылғыны 1994 жылы Ресей ғалымдары ойлап тапқан.

Аппарат пайдалануға ыңғайлы. Небәрі 3 минуттың ішінде компьютерлік бағдарлама мәліметті өңдеп береді. Құрылғыға диодты жарық шамдары орнатылған. Ол адам ағзасына кері әсерін тигізбейді. Рентген сәулесі жоқ. Мұндай аппарат өңірімізде әзірге біреу ғана.

Омыртқасында өзгеріс байқалған бала 6 ай бойы арнайы жаттығулар, физиоемдеу, массаж сынды оңалту шараларынан өтеді. Жарты жылдан кейін дәрігерлер емнің қаншалықты тиімді болғанын осы аппаратпен қайта тексереді.

Инна КАЛИМБЕТ,

саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp