«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛГЕ ЫҚЫЛАС ЕРЕКШЕ

Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіруші фактор. Мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалындағы баспасөз мәслихатында сөз болды.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Кемел Оспанов осы бағыттағы жұмыс “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңға және еліміздегі тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатынын айтты. “Бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Қазір оның екінші кезеңі, яғни мемлекеттік тілді оқып-үйрену және қолдану саласында жаңа стандарттар, технологиялар мен әдістерді енгізу жөніндегі тәжірибелік шаралар кешені іске асырылуда. 2017-2020 жылдары мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін бақылау тетіктерін енгізу жұмысын ұйымдастыру көзделеді”, – деген Кемел Қарашаұлы “Қызылжар” қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығы арқылы 140 топта 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен облыс тұрғыны оқығанын айтты. Оның 136 тобы – қазақ және 4 тобы ағылшын тілінде білім алған.

Басқарма жанынан ашылған тілдерді оқыту орталығының басшысы Үмітжан Шынтемірованың айтуынша, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының “Қазтест” жүйесі 2016 жылдың мамыр айында екі жарым мыңнан астам адамды тестілеуден өткізген. Олардың 40-ы В1 сертификатына ие болған. Аталмыш тестілеу орталығынан үш жыл ішінде сегіз жарым мың, облыстық тілдерді оқыту орталығында 16 мыңнан астам адам өткен.

Тілдерді дамыту басқармасының басшысы өткен оқу жылында облыстың қазақ балаларының 66 пайызы ана тілінде білім алғанын, биыл бұл көрсеткіш 67,3 пайызды құрағанын айтты. Облыс бойынша мемлекеттік тілді игерген тұрғындардың үлесі – 48 пайыз.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері көшелер мен мен сауда орындарындағы жарнамаларда өріп жүретін қателер, автобустарда аялдамалардың қазақ тілінде дұрыс аталмауы туралы мәселелерді көтерді. Бұл ретте басқарма мамандарының облыс орталығының 15 көшесінде орналасқан екі жүзден астам сауда орталықтарында тексеру жұмыстарын жүргізгендігі белгілі болды. Ірі сауда орталықтарындағы жарнамалар да тексерілген. Қате жазғандарға ескерту жасалып, әдістемелік көмек көрсетілген.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp