«Digital Urpaq» оқушылар сарайында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Ұйымның құрылғанына 35 жыл толуына арналған шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов, облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, тіл жанашырлары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар мен білім саласының өкілдері, аудандық, қалалық «Қазақ тілі» ұйымы, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшілері, этномәдени бірлестік төрағалары мен ассамблея мүшелері, жастар қатысты.
Жиында қоғамның құрылу тарихына қатысты бейнефильм көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов құттықтау сөзінде өңірімізде мемлекеттік тілдің одан әрі дамуына барлық жағдай жасалғанын, мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар дәйекті түрде жалғасатынын жеткізді.
Облыс әкімінің Құрмет грамотасы зейнеткер Қайрат Дүйсенбіге, Алғыс хаты облыстық «Қоғамдық келісім» КММ бөлім жетекшісі Сәлімхан Сәбитов пен қалалық «Qyzyljar nūry» газетінің аға тілшісі Самрат Құскеновке тапсырылды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы республика бойынша жүзеге асырылып жатқан озық жобалар мен алдағы міндеттерге, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда «Тілімізді дамыту ісінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек», – деп атап өткеніне тоқталды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасымен зейнеткерлер, тіл жанашырлары Сұлушаш Жанболатова, Қошан Қали, Сағынтай Ізгутдин, Қайырбек Ғалиев, Жұмабек Сансызбай, Жапар Төлегенов, Қызылжар ауданы Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ринат Шұғайыпов, Айыртау ауданы әкімі аппаратының бөлім жетекшісі Бану Жантілеуова марапатталды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасы «Рух. Тіл. Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуар Тоқпанға, «Қазақстан халық партиясы» облыстық филиалының жетекшісі Ерғали Жұмағұловқа және осы жолдардың авторына табысталды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім жетекшісі Әсем Сүлейменоваға «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағылды.
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының басшысы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, облыстық «Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тамара Родная, «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Айдоғды Шабан, әзірбайжан этномәдени ұйымының төрағасы Чингиз Құрбанов, тағы басқалары өз сөздерінде қазақ тілі ұлтымыздың алтын қазынасы, рухани байлығы, ұлттық болмыстың айнасы болып қала беретінін тілге тиек етті.
Жиында ұйымның 18 адамнан тұратын төралқа мүшелеріне куәлік тапсырылды. Алқа мәжілісінің қарары қабылданып, тілге деген сұранысты күшейту, білім беру жүйесінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, қоғамдық салаларда тілдік орта қалыптастыру мәселелеріне айрықша басымдық берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».