«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ — ҰЛТҚА ҚҰРМЕТ

Менің ата-анам – Тайынша ауданындағы Аймақ ауылының тумалары. Анам үй шаруашылығында, біздің алаңсыз білім алуымызға жағдай жасап отыр. Ал әкем жергілікті “Қазан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді. Жүзден астам шаңырақ түтін түтетіп отырған елді мекенде жергілікті қазақ халқымен татулығымыз жарасып, береке-бірлікте күн кешіп отырмыз.

Інім Сергей екеуміз Аймақ негізгі мектебінде қазақ тілінде білім аламыз. Ағамыз Александр мек­тепті тамамдап, жоғары оқу орнына түсу үшін қалаға кетті. Ал екінші інім мектеп та­балдырығын аттағалы отыр. Білім ордасында оқи­тын тоқсан оқушының жетеуі – өзім сияқты өзге эт­нос өкілінің балалары. Алғашында қазақ сыны­бын­да оқу қиындық туғызғаны рас. Сондықтан екінші сыныпта оқитын ініме бас-көз болып, қиын­сынған жерде қолымнан келгенше көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отырдым. Сынып жетекшісі Рау­шан Тоқсанбаева әр тақырыпты толық түсінуі үшін жан-жақты қолдау көрсетеді. Мұғалімнің ай­туынша, інімнің сабақ үлгерімі, талпынысы жақсы.
Мен әдеби шығармаларды оқығанды ұната­мын. Осының арқасында Петропавл қаласында өт­кен “Жарқын болашақ” олимпиадасының облыс­тық кезеңіне қатысып, бағымды сынадым. Қазақ­тың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жат­қа оқып, екінші орын алғанда, қуанышымда шек болмады. Мұны Қазақстанда өзге этнос өкіл­де­рінің еркін білім алып, өзінің мүмкіндігін көрсету үшін барлық жағдай қарастырылғанының бір айғағы деп білемін.
Отбасымызда да бір-бірімізбен қазақ тілінде сөй­­лесеміз. Өйткені, қазақтарды қиналған жанға қам­қорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын бұл­дамайтын, құшағына алған қанша жұрт алғыс біл­ді­ріп жатса да, масаттанбайтын халық ретінде та­ныдық. Ел бойынша жыл сайын наурыз айының ал­ғашқы күні оларға алғыс айтуымыздың себебі де осы. Бір шаңырақтың астында, біртұтас ұлт ретін­де қазақтың еліне, жеріне, тіліне құрмет білдіре жү­ріп, Ұлы дала елінің дамуына үлес қосу – әрбі­ріміздің міндетіміз. Бірлігіміз бен татулығымыз бе­рік болсын деп тілеймін!

Расул АЛСЕРОВ,
Аймақ негізгі мектебінің оқушысы.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp