Қазақ елі алмағайып заманда өздерінің тарихи Отандарынан еріксіз қоныс аударылған 130-дан астам этнос өкілдеріне ортақ мекен бола білді. Біздің ата-бабаларымыз олардың ешқайсысын алалап, бөліп-жарған жоқ. Өздері де аш құрсақ болып жүргендіктеріне қарамастан, жер аударылғандармен бір тілім нандарын бөлісіп жеп, бауырластар болып кетті. Солардың бірі – күрдтер. Бүгінгі таңда олардың еліміздегі жалпы саны жиырма мыңға жуық. Ел халқының басын бір шаңырақ астына тоғыстырған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған шақта күрдтер де өзге ұлт өкілдері секілді оған мүшелікке еніп, олардың “Барбанг” қауымдастығы өмірге жол тартқан болатын.
Ал біздің өңірімізді мекен еткен бұл этнос өкілдерінің саны екі жүз шамасында. Былтырдан бастап олар да Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында өздерінің ұлттық-мәдени орталықтарын құрып, жұмыстарын бастап кетті.
– Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Еліміз өз егемендігін жария еткен шақта өзге ұлт өкілдерінің “Ертеңіміз не болады, қайда барып, жер басып, қайда барып, күн көреміз?” – деп алаң-елең болғандығы жасырын емес. Алайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұқараны ақылға шақырып: “Ел халқы арасында бөлектену деген ұғым болмаған, ол алдағы уақытта да болмайды. Бәріміз бірлесіп жаңа мемлекет құрамыз, әрқайсыларыңыздың өз тілдерің мен діндеріңді, мәдениеттеріңді дамытуға еркіндік беріледі”, – деген болатын. Оның бекерге айтылмағандығына бүгінде көз жеткіздік, – дейді “Барбанг” қауымдастығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Рашид Надиров.
Әр елдің басты байлығы – сол жерді мекендеген халқы. Осы тұрғыда Қазақстан өзін төрткүл дүниеге зайырлы мемлекет ретінде таныта білді, яғни бізде адам құқығы басты орынға қойылған. Ол Ата Заңымызда да тайға таңба басқандай етіп айқын көрсетілген.
– Оны қазақстандықтардың ешқайсысы жоққа шығармайды. Әрқайсымыздың түріміз бен тіліміз, діліміз бөлек-бөлек болғанымен, бәріміздің құқығымыз тең. Оған әр ұлттың өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін тең дәрежеде насихаттай алуының өзін бір мысал ретінде атап көрсетер едім, – дейді күрд азаматы.
Бүгінгі қазақстандық өзге этнос өкілдері – әу бастағы солақай саясаттың құрбанына айналғандардың ұрпақтары. Олар Қазақстанды өздерінің екінші Отаны деп қабылдайды. Себебі, осында туды, осы жерде өсіп-өнді. Рашид Надиров та – сондай жандардың бірі. Кезінде оның аталары да елімізге күштеп жер аударылғандардың қатарында болған.
– Негізінен, күрдтердің тарихи отаны – Таяу Шығыс. Десе де, біздер бөлінген халық санатына жатамыз. Отандастарым Ирак, Иран, Түркия мен Сирияны мекен етеді. Алайда, ол жақтардағы шиеленіскен жағдай ондағыларға оңайға соқпауда. Ал біздер көпэтносты мемлекетте тұрып жатсақ та, Құдайға шүкір, мамыражай заманда күн кешудеміз. Мұның бәрі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы, – дейді Рашид Садықұлы.
Қазақстан бүгінде жүз отыздан астам ұлысқа ортақ мекен бола білді. Елімізде ұлтаралық достық пен дінаралық татулық нық орнаған. Ал осынша ұлтты бір атаның баласындай етіп бір шаңырақ астына ұйыстыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше.
Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған қоғамдық институттың негізгі міндеті елдегі тұрақтылықты сақтаудағы Елбасының саясатын жүзеге асыру болып табылады. Бұл тұрғыда аталмыш ұйым екі бірдей онжылдықты еңсерді. Осы аралықта атқарылған жұмыс пен бағындырған белестер мақтануға тұрарлық.
– Биылғы жыл Қазақ елі үшін айтулы даталарға толы жыл болып отыр. Ол Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20, Ұлы Жеңіске – 70, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы секілді айшықты оқиғалар. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялады. Мұны аталмыш ұйымның әр мүшесі ыстық ықыласпен қарсы алды. Себебі, егемен еліміздің жүріп өткен жолында ассамблеяның алар орны ерекше. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді, яғни біз Елбасының достықты дәріптеудегі сенімін ақтай білдік, – дейді Рашид Надиров.
Күрд азаматының бұл сөзінің жаны бар. Әлемнің көптеген елдерінде дінаралық, ұлтаралық қақтығыстардың орын алып жатқанын күнделікті теледидардан көріп, газет-журналдардан оқып жүрміз. Ал еліміз көпэтносты болса да, ол жағынан төніп тұрған қауіп жоқ. Десе де, онымен тоқмейілсуге болмайды. Бауырластықтың тірегін одан әрі де бекемдеу керектігі Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында да айқын көрініс тауып келеді. Онда көрсетілген басым бағыттардың жүзеге асырылуына бірінші кезекте ассамблея өкілдері жауапты.
– Кейде бір үйдің балалары арасындағы туыстық қарым-қатынастың өзін реттеу мүмкін болмай кетеді. Ендеше тұтастай бір мемлекеттегі халықтар арасындағы ауызбіршілік пен достықты, тұрақтылықты қамтамасыз етуде бұл тұрғыда қанша жұмыс атқарылғандығын бағамдай беріңіз. Құдайға шүкір, қазақстандықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бұған қол жеткізді. Осының бәрі – этносаралық ауызбіршіліктің жемісі. Ендігі міндетіміз – осыны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету. “Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады” деген нақыл бар. Өз диаспораларымызбен әңгіме барысында осыны үнемі айтып отырамыз. Олар оны өз балаларының санасына құяды. Мақсатымыз – қазақ жерінде қанша жылдар бойы қалыптасып келе жатқан татулық деген ұғымға сызат түсірмеу. Барлық қазақстандықтарда осындай сана-сезім болуы керек, – дейді Рашид Надиров.
Оның мемлекеттік тілге көзқарасы ерекше. Өзі қазақша сайрап тұр.
– Қазақ тілінде еркін сөйлеуімнің бір себебі – қазағы қалың Оңтүстік Қазақстан облысында туып-өсуім мен қазақ мектебінде оқуым. Алматыдағы жоғары оқу орнын фармацевт мамандығы бойынша тамамдаған соң Қызылжар өңіріне 1987 жылы жас маман ретінде жолдамамен келдім. Мұндағы жаңа жолдастарыммен қазақша сөйлессем, олар маған орысша жауап беретін. Құдайға шүкір, бүгінде өзімізде де қазағымыздың қатары күн санап қалыңдап, мемлекеттік тілдің де мәртебесі артып келеді.
Қазақстанды мекендеген әр этнос өкілі бірінші кезекте сол елдің тілін оқып-үйренуі керек. Сонда ғана ол сол елдің тарихы мен мәдениетін танып-біледі. Сол арқылы мемлекеттік саясаттың да тұңғиығына бойлай алады, – дейді күрд азаматы.
Елімізді мекендеген өзге диаспора өкілдерінің тілі мен түрі, діні бөлек болғанымен, олардың барлығы Қазақстан азаматы болып саналады. Сондықтан олардың қай-қайсысы болсын сыртқа шыға қалса, оларды бәрібір қазақстандық деп атайды. Әңгіме барысында оны Рашид Садықұлы да жоққа шығармады. Елжанды азамат сонымен қатар көшелерге ат беруде ономастикалык комиссияның жұмысы да бірізділікке келтірілсе деген ойын іште бүгіп қалмады.
– Елді мекендер мен көшелерге кез келгеннің есімдері беріліп жатқан жоқ. Бірақ ол тұлғаларды аға буын өкілдері жақсы танығанымен, өскелең ұрпақ одан бейхабар. Сондықтан ондай адамдардың еңбектері мен өмір жолы туралы деректер алдымен газет-журналдар арқылы халыққа кеңінен таныстырылса, кімнің кім екенінен халық құлағдар болса, сонда тарихымыз біртіндеп түгенделіп, туған елдің құндылықтарына қызығушылардың қатары да арта түсері анық, – дейді Рашид Садықұлы.
Қазақшаға жетік жігіт ағасы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалық атаулыны қалт жібермейді. Одан бөлек ана тілімізде шығатын республикалық газет-журналдарды үнемі оқып, елдегі жаңалықтардан хабардар болып отырады.
– Соңғы жылдары қазақтілді басылымдарда халықты толғандыратын тіл, тарих, әдебиет пен мәдениетке қатысты мәселелер тұрақты түрде беріліп келеді. Ал орысша басылымдарға көз жүгіртсең, ондайлардың бірін де көре алмайсың. Тілшілер қауымы осыған назар аударып, орыстілдес ағайындарымызға ой салар осындай өткір мәселелердің аудармасын орысша басылымдарға беріп тұрса, оның еш әбестігі болмас еді, – дейді Рашид Надиров.
Бұл пікірдің де жаны бар.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.