«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛЕГІМІЗ – ТАТУЛЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Оның бір көрінісі – жастар саясатының тұжырымдамасы бекітіліп, 2004 жылы “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” Заңның қабылдануы. Соған сәйкес әр өңірде жастар ісімен айналысатын ұйымдар мен орталықтардың саны артып, олар жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Бүгінде біздің облысымызда алпыс үш жастар ұйымы тіркелсе, олардың он үші аудан орталықтарында орналасқан. Солардың бірі – қаламыздағы Достық үйінің жанынан құрылған “Бірлік” этномәдени бірлестігі. Өрендердің мемлекет пен қоғам өміріне белсене араласып, тыныштықты, этносаралық татулықты қамтамасыз етуді көздейтін аталмыш ұйымының бүгінде жиырмаға жуық тұрақты мүшесі бар. “Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір” дегендей, біз елдің болашағына алаңдап, оның мызғымас тыныштығы үшін жан жүрегімен әрекет ететін биік рухты, өр намысты, таңдаулы жастарды бауырымызға тартамыз.  

“Бірлік” этномәдени бірлестігі – 2012 жылдың сәуір айында қазығы қаланған ұйым. Өз халқымның салт-дәстүрін құрметтеп, тілін көздің қарашығындай сақтаймын деген, сондай-ақ, барша қазақстандықтарды бейбітшілік бесігіндей тербетіп отырған тәуелсіз, ортақ Отанымыздың нағыз патриоты болуды мақсат тұтқан жалынды жастардың зор сенімімен құрылған бірлестік екі жыл ішінде түрлі айтулы оқиғалардың ойдағыдай іске асуына ұйытқы бола білді.

Бірлестіктің белсенді мүшелері жыл сайын “Біз – қазақстандықтармыз” атты республикалық зияткерлік сайысқа қатысып, түрлі жетістіктерге жетіп жүр. Үстіміздегі жылы Павлодар қаласында өткізілген байқауда Андрей Куминов, Мария Чернышова, Дарья Труш сынды бірлестік мүшелерінен құралған “Қызылжар жауһарлары” тобы жүлделі бірінші орынды қанжығаларына байлап келді. Олар алғашқы бөлімде қазақ халқының басынан өткерген қилы тарихынан қойылған сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде үй тапсырмасы бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Бұл турасында ұйымның беткеұстар мүшелерінің бірі Мария Чернышова:

– Біз байқауға қатысу арқылы республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған ұлты басқа болса да, ұстанымы, арманы бір жастармен таныстық. Олардың терең ойлары және ұшқыр қиялдары болашақта бірігіп жұмыс істеу мақсатымызды айқындағандай болды, – дей келе, алдағы уақытта көп мәселелерде қоян-қолтық әрекет ететіндеріне сенім білдірді.

Біздің ұйымның белсенді мүшелерінің бірі – бүгінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тіл және әдебиет институтының шет тілі мамандығында оқитын Екатерина Жукова. Петропавл қалалық классикалық гимназияда білім алған оны өңіріміздің қазақ тұрғындары қазақ қызына тән ибалылығымен, инабаттылығымен құрметтейді. Ұлттық құндылығымызды, тіл байлығымызды бір кісідей меңгерген орыс қызының бұл әрекеті “түртсең де, түгі қисаймайтын” кейбір жас буын өкіліне үлгі боларлықтай. Ол бейбітшілік пен келісімді қалқаншадай қорғайтын, елімізде өмір сүріп жатқан әр этнос өкілінің сыйластығы, татулығы екендігін кездесулерімізде, мерекелік жиындарымызда үнемі айтып жүреді.

Ләззат АЯПБЕРГЕНОВА,

“Бірлік” этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp