«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛЕК ТІРІГЕ АЙТЫЛМАЙ МА?

Аумағы ат шаптырым мейрамхананың ішінде ине шаншитын жер жоқ, иен тірескен жұрт. Елге сыйлы, халыққа танымал, заманында әртүрлі қызмет атқарған, ел басқарған азамат еді марқұм. Қайтпас сапарға аттандырып салуға жиналған жұрттың қарасының көптігі де сондықтан шығар. Жер бесіктің құндағына тапсырған соң ел мейрамханада өтетін асына жиналған. Дастарқанның үсті құтты бір ұлан-асыр тойдағыдай сыңсып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Артында қалған екі қыз, үш ұлы сүйек сындырмайық десіп, намысқа тырысқан шығар-ақ. Атам қазақ мұндайда “Өлім бардың малын шашады” дейтұғын. Ащылау жалғасы тағы бар. Бірақ, айтпағымыз ол емес.

Соңғы жылдары осындай қаралы жиында көбік сөздің көбейіп кеткендігі де рас. Құдды жиналыс тәрізді. Алдымен, той басқаратын асаба тәрізді елге танымал ағамыздың бірі шықты. Бүгін ағайын-туыстың отыз омыртқасын опырып, қырық қабырғасын қақыратып, өмірден өткен марқұмның тіршілігінде халқына сіңірген еңбегі, өнегелі өмірбаяны, артында қалған ұрпағы туралы түгел тәптіштеп, таратып айтып шықты. Жөн-ақ. Алыс-жақыннан жиналған құда-құдағиы, ілік-шатысы бар. Біреуі анық білгенмен, біреуі білмейтін шығар. Жақсының артында жақсы іс, жақсы лепес қалады. Сонымен тәмам болса жарар еді. Жоқ, кәдімгі жарыссөз тәрізді лебіз басталды. Әуелі марқұмды көзі көрген, бір кезде үзеңгілес жолдас болып қатар жүрген ағамыз шықты.

– Мен пәлен совхозда бас инженер болып жүргенде бұл кісі ана совхозда агроном болатын, – деп бастады әңгімесін.

Содан соң бар әңгіме өзі туралы, өзінің азды-көпті қызметі туралы болып кетті. Кейін микрофонды қолына алған өзгелер де әлгі соқпақпен саулата жөнелді. Басы бүгінгі тақырыппен басталып, содан соң өзіне ауады. Халық қажи бастады. Тіпті бітетін емес.

Дәл осындай тағы бір жаназада азалы жұрт сөйлеуге құлықты болмай шықты. Себебін кім білсін. Ас ағасы:

– Енді кім тілек айтады? – деп тақақтап қайта-қайта сұраумен болды. Қарап отырып, қысылады екенсің. Марқұмның ет жақындарына да ыңғайсыз. Нақ, бір ауыз жылы сөзін қимай тұрғандай. Ас ағасы ел ыңғайын көрген соң алғашқы сұрағынан кейін қоя қойса қайтер еді. Жоқ, олай болмады. Ас аяқталғанша енді кім тілек айтады деп қайта-қайта сұраумен болды. Өзін де, жұртты да қажытты.

Астан шығып бара жатып ойладым. Тілек тірі адамға айтылмай ма? Сызығы жетіп, өмірден өткен адамға Құран бағыштап, дұға оқығаннан артық сауапты іс жоқ шығар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp