Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы екіпәтерлі тұрғын үйлердің бірінен шыққан өрт 1 жасар сәбидің өмірін жалмады. Лесная көшесінің бойында орналасқан 9-шы үйге өрт сөндірушілер келіп жеткен кезде, баспананың төбесі мен кіреберісін қызыл жалын шарпыған еді.
Құтқарушылар келіп жеткенше, жасы 80-ге таяған қария 8 жасар немересін далаға алып шыққан екен. Ал бір жасар немересін өртсөндірушілер аудандық ауруханаға жеткізгенімен, өкінішке қарай, дәрігерлер ауыр халдегі сәбидің өмірін сақтап қала алмады.
Тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндірушілердің 5 техникасымен қатар, “Қызылжар су” кәсіпорнының автокөілігі де жұмылдырылды. Сондай-ақ, №1, 3, 4, және 13-ші өрт сөндіру бөлімдерінің 40 шақты адамы күш біріктірді. Оларға қызыл жалынмен бір жарым сағаттай арпалысуға тура келді. Өрт сөндірушілердің жедел қимылының нәтижесінде №2 пәтерді сақтап қалудың сәті түскенімен, №1 пәтердің төбесі мен кіреберісі жермен жексен болды.
Өрт сөндірушіер кіре берісте пештің күлі салынған шелек тұрғанын анықтады. Соған қарағанда қайғылы оқиға пешті қолданудағы абайсыздық салдарынан болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта өрттің нақты себебі мен одан келген шығын көлемі анықталуда.