«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛШІЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Тәртіп сақшылары мен тілшілердің қызметі егіз деуге негіз бар. Өйткені, олар күн-түн демей халықтың игілігі, тыныштығы үшін тер төгеді. Мереке қарсаңында өзгелер демалатын болса, аталған сала мамандары, керісінше, күшейтілген тәртіпте қызмет етеді. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев бастаған ведомство ұжымы қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау, қылмыс пен құқық бұзушылықпен күрес тақырыбында қалам тербеп, полицейлермен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы олардың оң имиджін қалыптастыруға үлес қосып жүрген тілшілердің басын қосып, алдағы мерекемен құттықтады.

 Кездесуге жергілікті телеарна, газет және интернет-ресурстармен бірге республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының меншікті тілшілері де жиналды. Тәртіп сақшылары оқиға орнына өздерімен бірге жететін журналистер қауымының еңбегіне жеке тоқталып, шығармашылық табыс тіледі.
– Облыста тілшілер мен тәртіп сақшылары бірлесіп жұмыс істеуі қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрғындарға дер кезінде жеткізіп, олармен байланысты нығайтуға септеседі. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында жергілікті құқық қорғау органдарының қызметі жайлы жеті мыңнан астам материал жарияланған. Оның жартысы республикалық басылымдарда, 3682-сі баспа БАҚ-нда, 2547-сі ақпараттық агенттік таспаларында жарық көрді. Бұл – осы залда жиналып отырған журналистердің еңбегі, – деген облыстық департамент бастығы Марат Төлебаев осы жыл барлығымыз үшін табысты аяқталғанын жеткізіп, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Қарбаласқа толы жұмыс күнінде тәртіп сақшылары әзірлеген концерт тілшілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp