«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тілшілік пен ұстаздықты тең меңгерген

Қырық жылдай тату-тәтті өмір сүрген ерлі-зайыпты Несіповтердің көршілес қос ауданда оқығандарына қарамастан, екеуімен де сыныптас болдым. Алдымен отбасы ошағын ұстаған Ақнұр Тасмағанбетқызымен сол кездегі Октябрь ауданындағы (қазіргі Шал ақын) Ленин орта мектебінде 9-сыныпта бірге білім алсам, келесі жылы оның болашақ қосағы Совет Несіповпен Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданындағы Жамбыл орта мектебінің 10-сыныбында жолым тоғысты. Сол сияқты, сыныптас жолдасыммен Байкалдың арғы жағында әскери борышымызды да бірге атқардық. Яғни, бұл отбасын бір кісідей білемін деуіме толық негіз бар.

Бүгінгі осы естелік мақаламды, негізінен, Ақнұр Тасмағанбетқызына арнағалы отырмын. Оның былтырғы ауыр қазасы сыныптас досы менің де қабырғамды қайыстырды. Мәпелеп өсірген бес баласының қызығына қана алмай, өмірден ерте өткені жанға батады, әрине! Оған қаламдас әріптесім болғаны үшін де құрметімнің зор болғанын жасырмаймын. Өңірімізде сол кезде нәзік жандар аса бой көрсете бермейтін журналистика саласында қазіргідей емес, әйел адамдар өте аз болды. Солардың бірі және бірегейі Ақнұр замандасым еді десем, қателеспейтін шығармын. Қазақтілді облыстық басылымның соңына ерген жалғыз “Ауыл арайы” газетінің тұңғыш әйел тілшісі болған да сол.

Шынымды айтсам, мектепте жүргенде Ақнұрдың әдебиетке, жалпы тіл өнеріне деген бейімін байқаған емес едім. Қыз жанының терең тылсымының бірі сол болса керек. Былайғы көзге ашық-жарқын құрбылары Мәрияш Құсайынова мен Айман Қожаевалардай емес, бұйығылау көрінетін Ақнұрдың айтпағының бәрі тума бұлақ қайнарында тұнып жатқан сияқты. Кейінде оның бәрін көсіле жазған сырлы дүниелерінен, жан тербетер толғақты мақалаларынан аңғардық. Әрине, оған білімге зор зейін қойып, оқып-үйренудің, талпыныс танытудың мол ықпалы болғаны анық. Бойындағы бала арманның жетегімен ұстаздық мамандығын қалап, қазақ тілі мен әдебиетінен жоғары білім алды. Шымкенттегі өнер институтын жаңа бітірген өнерпаз Совет Несіповпен тіл табысып, шаңырақ құрғаннан кейін білек сыбана еңбекке араласқан жас жұбайлар Сергеев ауданының ауыл мектептерінде бірқатар жыл қызмет етті. Атап айтқанда, жұбайы Кеңес және Алқағаш ауылдары мектебінде директорлық қызмет атқарса, ол қазақ тілінен сабақ берді.

Олардың жаңадан ашылған Жамбыл ауданына қоныс аударуы онда тұңғыш аудандық газеттің ашылуымен тұспа-тұс келіп, Ақнұрдың еңбек жолына түбегейлі өзгеріс әкелді. Сөйтіп, кешегі ауылдық мектептің мұғалімі аудандық “Ауыл арайы” газетінің тілшісі болып шыға келді.

– Осынау беймәлім жұмыстың өзіме бірден ұнағанын жасырмайтын. Бағыма қарай, тәлім алар тәрбиешілерім де осал болған жоқ. Газеттің тұңғыш редакторы марқұм Шұғай Өсіпов оңтүстіктің журналистік мектебінен өткен мықты маман еді. Ол: “Ақнұр, шырағым, жүрексінбе, қаламың ертең-ақ төселіп кетеді, бәрін үйретемін”, – деп жан сала қолдау жасағанын жиі еске алатын. Сондай-ақ, Социал Жұмабаев пен Қайыржан Сәрсекеев ағаларынан үйренгендері де көп болды. Ең бастысы, өзіне тән тиянақтылығы мен алғырлығының арқасында газет жанрларын тез меңгеріп, оқырмандарының көңілінен шығардай шығармалар тудырды.

Оның бәрін бірдей тізіп айтып шығу қажет емес, замандастарымның одан кейінгі тіршілік-тыныстарына тоқталар болсам, тоқырау жылдарындағы қиын жағдайға байланысты бұрынғы төл қызметтеріне қайта оралды. Облыс орталығына қоныс аударғанға дейін олар тағы Богдановка ауылында біреуі – директор, біреуі ұстаз болып қызмет етті. Қазір зейнет демалысындағы досым Совет Астанада балаларының қолында тұрады. Ақнұр екеуінің шаңырағынан өрбіген бес баланың кішісі Елнұрадан басқасы аяқтанып, өз жолдарын тапқан. Үлкен екі қызы Алматыда қызмет істейді, ал көпейлері Елнұра анасының жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқып жүр. Өнегелі өмір сүрген отбасының осы жеткіншектеріне ғұмыр берсін дейік.

Тоқтар ЗІКІРИН,

ақын, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp