
“Қазақ тілі менің екінші ана тілімдей. Бүгінде оның қолданыс аясы кеңіп, әрбір қазақстандықтың құрмет тұтып, мақтаныш көретін тіліне айналды. Кешегі марқасқа Мағжан ақынның нұрлы жұлдызына, сәулесіне балаған қасиетті қазақ тілін үйренуші өзге ұлт өкілдерінің саны артып келеді. Өйткені, олар жатты жатырқамай, құшағын айқара ашып, құрақ ұшып қарсы алатын қасиетті қазақ топырағында қазақ тілін, дәстүрін, әдет-ғұрпын меңгерудің міндетті екенін ұғынып келеді”, – деп бастады Екатерина Шайхутдинова бізбен әңгімесін.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің биылғы түлегімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанатына біздің өңірімізден аттанғалы тұрған автобуста таныстым. Көзіме жылы ұшыраған ол қазақ қызына тән инабаттылықпен жанындағы бос орнын маған нұсқады. Бір-бірімізбен етене сөйлесе келе, ол айбаты асқан, мерейі тасыған елордада бұрын бірнеше мәрте болғанымен, дәл мұндай тарихи оқиғаға алғаш рет қатысқалы тұрғанын айтты. Көңіліндегі қобалжу мен қуаныш астасқан сезімді қазақтың кестелі тілімен еркін, қиналмай жеткізгеніне сүйсінгенім де жасырын емес.
Шал ақын ауданына қарасты Сухорабовка ауылындағы орта мектепті ойдағыдай тамамдаған Екатерина Ұлттық бірыңғай тестілеуден де айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Қазақ тілі пәнінен берілген жиырма бес сұрақтың жиырма үшіне дұрыс жауап бере білуі ол үшін жақсы көрсеткіш еді.
Орыс әдебиетін бес саусақтай игерген маман болуды армандаған Екатеринаның “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығына грантқа түсуінің өзі кездейсоқ емес. Құжаттарды тапсыру барысында қазақ әдебиеті мамандығын да қоса таңдап, жұлдызы жарқыраған қыз жағымды жаңалықты естігенде не қуанарын, не өкінерін білмей, біраз уақыт беймәлім күй кешеді. Ауызекі сөйлеуді ғана меңгерген оған бай, оралымды әрі күрделі қазақ тілінің лингвистикасын, көркем әдебиетін оқу қиынның қиынындай елестесе де, уақыт өте келе жалынды жігері оның тілді өз бетімен игеруіне жол ашады.
– Әлі есімде. Курстастарым бір сөмкемен сабаққа барып жүргенде мен бір қолыма папкамды, бір қолыма салмағы зілдей пакетімді, арқама ноутбугімді арқалап келуші едім. Әлгі пакеттердің іші толған “Орысша-қазақша сөздік”, “Қазақша үйренейік!”, “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі”, “Түсіндірме сөздігі” кітаптары болатын. Қазақы тәрбие алып, қазақ мектебін бітірген қатарластарым сабақ айтқанда сызылта салған ән секілді қазақ тіліндегі сөздерді аузымның суы құрып, ұйып тыңдап отырушы едім. Қазақ тілінің шұрайлылығы да, тыңдаған адамға ырғақты музыкадай әсер ететін әуенділігі де менің араға уақыт салмай еркін үйреніп кетуіме көмектесті, – деген Екатерина небәрі үшінші курсқа табан тірегенде көтеріңкі шәкіртақыға ие бола бастапты. “Қазақ ауыз әдебиеті”, “Ежелгі дәуір әдебиеті”, “Мәнерлеп оқу” сабақтары оның қазақшасының жетілуіне көп әсер еткен. Қазақ тілінің маманы болуға ұмтылған орыс қызын ынталандырып, алға жетелеген ұстаздарының да еңбегін ерекше бағалайды ол. Екатеринаның ұмтылысы да, мұғалімдердің еңбектері де ақталып, ол жақында қызыл диплом алып, болашағынан көп үміт күткен жақын жандарын қуанышқа кенелтті. Кез келген жастың біліммен биікті бағындырып, еліміздің дамуына атсалысатын нағыз маман болатынын түсінген ол бүгінде “Менеджмент” саласы бойынша магистратураға түсуге дайындалып жүр. “Мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілін де еркін білемін. Болашақта мемлекеттік немесе жеке фирмаларда, корпорацияларда, кәсіпорындарда басқарушы болып жұмыс істегім келеді. Сөйлегенде тілден бал тамызып, майын ағызатын қазақ тілінің мамандары жетерлік. Менеджмент саласында қазақ тілінің бәсін жоғарылатқым келеді ”, – дейді ол.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.