Есіл ауданына қарасты Өрнек ауылына кезінде орыстар мен чуваштар да қоныс теуіп, жергілікті тұрғындармен тату-тәтті өмір сүрді. Мұрат деген азамат кеңшардың механик-жеткізушісі болып жұмыс істеді. Бірде қасына ауыл механизаторы Николайды алып, Ибраев кеңшарына трактор тетігін әкелуге аттанады. Қоршалған зираттың жанынан өтіп бара жатқанда оның қақпасында “Алла жарылқасын” деген жазуды көрген Николай “Что там написано?” деп сұрапты. Қалжыңқой Мұрат: “Добро пожаловать”, – деп аударып беріпті. Мұндай жауапты күтпеген жігіт Мұратқа бір, жазуға бір қарап, үнсіз қалыпты. Тіл білмесең осы.
ҚҰРДАСТАР ҚАЛЖЫҢЫ
Әзіл-қалжыңға жақын жүретін Мұрат бірде ауылда қырман меңгерушісі болып істейтін Алтай деген құрдасына: “Шаршап жүрсің ғой, біздің үйден түскі ас ішіп кет”, – дейді қалжыңдап. Жұмыс арасында демалуды білмейтін әрі тамақ ішуге уақыты бола бермейтін жігіт бұл жолы жоқ демейді. Шақырылған жеріне жанталаса келсе, ас әлі піспеген екен. Үйде басқа қонақтар да бар екен. “Е-е-е, бұл бір жақсы отырыс болар” деген оймен қырман меңгерушісі төрге шығып, үстел басына отыра кетеді. Алтай болса, “Қап, мынау менің қалжыңымды түсінбей қалған-ау. Бұдан қалай құтылсам екен?” – деп әлекке түседі.
Алтай ас ішіп, құрметті қонақтармен әңгімелесіп, мәз-мейрам болады. Біраз уақыт өткен соң үй иесі “қызыңқырап” қалған ауылдасынан құтылмақ болып, дәретханаға кіргенін аңдиды. Кіргені сол, мініп келген көлігімен дәретхана есігін тіреп, ештеңе білмегендей кете барады. Маусымның ыстық күндері болса керек. Темір дәретханада дем алу қиын, есікті ашуға күші жетпеген Алтай біраз айғайлап тұрғанымен, оның ащы даусын естіген адам болмапты. Ал Мұрат болса, құрметті қонақтарына: “Астан алып отырыңыздар. Алтайды кеңшар директоры шұғыл түрде жұмыс орнына алып кетті”, – деп түк болмағандай отыра береді. Асын ішіп, тойып алған Мұрат: “Қой мені де директор іздеп жатқан шығар”, – деп далаға шығып, қамаулы тұрған құрдасын босатып, жұмысына кете барыпты.
“ОНДАЙ ОРЫС БІЗДЕ ДЕ БАР”
Телевизордың ауылды жерлерге жаңа тарай бастаған кезі болатын. Біздің ауылда бірінші болып Манарбектің үйі сатып алды. Маңайдағы көрші-қолаң жаңа дүниені таңсық көріп, кешкілік әлгі үйге жиналып, бірер сағат телевизор көреміз. Кейін телевизор сатып алғандардың қатары көбейе бастады.
Бір күні Манарбек үйіндегі Шәмшия әжеміз өзі теңдес Телжан, Мәркен деген кемпір-шалдың үйіне қыдырып барса керек. Олар теледидар көріп отыр екен. Әжеміз де төрге шығып, әлгілердің жанына жайғасып, көк жәшікке көз салады. Бір кезде:
– Төке-ау, мына орыс жаңа біздің үйде сөйлеп отыр еді ғой, мұнда қалай тез келіп қалған? – депті. Сонда телевизордың барлық үйде бірдей көрсететінін біле қоймаған Телжан:
Немене, ондай орыс сендерде ғана деймісің, біздің телевизорда да бар, – десе керек.
ҮШ ТІЛ БІЛЕТІН ТОТЫ
Әбен әлі мектепке бара қоймаған ұлы мен қызын керемет жақсы көрді. “Қазығымды айналатын ұлдан айналайын. Жанымды аймалайтын қыздан айналайын” – деп, екеуін емешегі үзіле еркелетіп, айтқандарын екі етпей орындайтын.
Бірде мейірімді әке қызының туған күніне сыйлық жасау үшін дүкен кезіп шығады. Олай жүріп, былай жүріп, қолайлы сыйлық таба алмай тұрғанда қызының құсты жақсы көретіні есіне түседі де, “Табиғат” дүкеніне бір-ақ тартады. Торында тойтаңдап ойнаған тотыларға қызығып кетеді.
– Шырағым, мына тотыларың сөйлей біле ме? – дейді сатушыға.
– Ой, ағатай, сөйлегенде қандай, үш тілде сайрайды. Заман талабын ұққан тотылар ғой. Мәселен, бір аяғын тартсаң, орысша, ал екінші аяғын тартсаң қазақша сайрап қоя береді, екеуін бірдей ұстасаң ағылшынша сөйлейді, – дейді сатушы да Әбенді қызықтыра түсіп.
Қызынан ештеңені аямайтын Әбен бағасына да қарамай, әлгі үш тілді біледі деген тотының бірін сатып алып үйіне әкеледі. Қызына арнап алған тосын сыйлыққа таңданған зайыбы:
– Рас үш тілде сөйлейтін тоты ма? – дейді күйеуіне сеніңкіремей.
– Сенбесең, кәне, бір аяғын ұсташы, – дейді Әбен. Әйелі тотының бір аяғын ұстай бергенде: “Абайла” деп қалады тоты. Әлгі сөзді естіген келіншек тотының екінші аяғына жармасады.
– Осторожно, – дейді тоты.
– Ой, мынау керемет тоты ғой, – деген әйел ағылшынша сөйлету үшін құстың екі аяғын бірдей ұстамақ болады. Сонда тоты:
– Құлатасың ғой, ағылшынша сөйлеймін деп өлетін жағдайым жоқ, – дегенде Әбеннің аузы ашылып қалыпты.
Медет КЕНЖЕТАЕВ.
Петропавл қаласы.