Өткеніңді ойласаң, бауыр етке жабыса біткен бір жапырақ өттей шағын оқиғаның көл-дария естеліктеріңнің бетіне шыға келетініне қайран қаласың. Сол қаныңа да, жаныңа да сіңіп, сүрленіп қалған болмашы оқиғаның салмағы бастан өткерген бар тіршілігіңнен ауыр сияқты көрінеді кейде. Оны “енді сондай халықтың қабырғасын қайыстырған қасіретті күндер қайталанбаса екен, елімізге, жұртымызға қиянат жасалмаса екен” деген игі тілекпен сөз еткен жөн сияқты.
…1957 жылы ауылдағы қазақ орта мектебін тамамдап, облыс орталығындағы ауылшаруашылық техникумының агрономия бөлімшесіне оқуға түстім. Оқу-тәрбие процестерінің бәрі орысша. Өзімді бірден қайнаған суға тастап жібергендей күй кештім. Орта мектепті күміс медальға бітіргенімнің бәрі далада қалды. Сол кездегі тіл білмеудің азабы есіме түскенде Қадыр ақынның: “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!” деген өлең жолдары неге ертерек жазылмады екен деп өкінгендей боламын. Қазіргі мемлекеттік тіл – қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін үйренудің мән-мағынасы қажеттіліктен туындағанын түсінесің. Бүкіл әлемді жаулап келе жатқан жаһандану процесі “өзге тілдің бәрін білуге” мәжбүрлейтіні бүгінгі күннің шындығына айналып отырған жоқ па?! Ал біз сөз етіп отырған өткен ғасырдың елуінші жылдары бар биліктің тізгінін ұстаған компартияның басты мақсаты саны аз ұлттарды тездетіп орыстандыру болды.
Қазақ балаларының, әсіресе, есеп сабақтарына бейім екендігі баршаға белгілі жайт. Бірақ орыс тілін білмеу қаншама қазақ жеткіншектерінің бақтарын байлап, аяқтарына тұсау болды десеңізші?!
Әлі есімде, біз техникумға қабылдану үшін математикадан сын тапсырып жаттық. Миымды қанша шайқасам да “основание треугольника” деген сөзді түсінбей-ақ қойдым. Бір партада қатар отырған үш баланың арғы жағындағы орыс қызы менің варианттасым. Тынышсызданып, жан-жағына жалтақтай беруіне қарағанда оның да шекесі шылқып отырмағаны байқалады. Танымасам да тағдырлас қызды жақын тартып қалдым. “Основание” деген сөздің соңына үлкен етіп сұрақ белгісін қойып қызға көрсеттім. Ол сия қаламсаппен “мынау” дегендей үшбұрыштың табанының астын сызып берді. Есеп оп-оңай екен. Небәрі 15 минуттың ішінде сын жұмысымды бітіріп, мұғалімге табыс еттім. Бірақ есепті шығару бар да, оны қалай шешкеніңді жазбаша түсіндіру бар. Менің оған шамам жетпеді. Тек қана жалаң формулалар мен цифрлардан тұрған менің сын жұмысымның шешімі бір парақ қағаздың жарты бетін ғана алды. Есептің дұрыс шешілгеніне сенімім мол. Оның көшірмесін әріптес қызға тастап кеттім. Артынан білсем, қыздың аты-жөні Рая Радченко екен. Ол есептің шығу жолдарын екі параққа тиянақтап тұрып жазыпты. Нәтижесінде Рая отызға тарта талапкердің алдыңғы қатарынан көрініп “5” алды, ал мен болсам тыриған “3”-ке әзер іліктім.
Тіл білмейтін адам жүрген ортасына тастай батып, судай сіңіп кете алмайды. Өз-өзінен қуыстанып, бірдеңесі жетіспейтіндей, өзін кембағал сезінеді. Мұндай “үркек” балаларға әлімжеттік жасап, тізе батыратындар да табылады. Сондай сотқарлардың бірі менің көз алдыма әлі күнге дейін елестейді.
…Оқу басталғалы бір айдай уақыт өткен. Үйге берілген тапсырмалардың мән-мағынасын түсінбестен, жаттап алуға тырысатынмын. Қолымнан кітап түспейді. Мұғалімдердің кейбіреулері аяушылық көрсетіп, “3” қояды. Ал ботаникадан сабақ беретін мұғалім мен жаттанды сөздерімді айта бастағанымда: “Садись, Жетеев, единица!” – дейді. Күнім қараңғыға айналды, істейтін амалым жоқ. Дегенмен, қиындықтың шалғайына жабысып-ақ бақтым. Мінезім де ептеп өзгере бастады. Өзіме нақақтан тиісіп, әлімжеттік көрсететіндерге: “Әй, пошел – пошел!” – деп айтатын күйге жеттім. Бұл “әрі жүр, тиіспе маған” деген түрім ғой. Бірақ сотқар баладан сескенуімді қоя алмадым. Оның жас шамасы менен үлкендеу. Жүзі де сұсты. Сабақ арасында қолынан пышағы түспейді. Нағыз байлаусыз жынның өзі. Жалғыз мен емес, курстастардың бәрі де одан аулақ жүруге тырысады.
Дәл сол күні ботаника пәнінің мұғалімінен кезекті “сыбағам” – «единицамды» алып, ішкі жан дүниемнің талқаны шығып тұрған. Балалардың бәрі оқу бөлмесінен жөңкіле шығып кеткенде аңғарадай кабинеттің ішінде сотқар бала екеуміз ғана қалыппыз. Әдеттегісіндей пышағын жылтыңдатып, алдымнан шыққан аты шулы сары тентек әрі қарай өткізер емес. Не болғанын, қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым… Бір уақытта есім кіргендей болған соң аңғарғаным – сотқар бала да, мен де жан дауысымыз шығып, қосыла айқайлап тұрмыз. Дауысымызды бір-бірімізден асыра түскіміз келетін сияқты. Енді қарасам, менің дауысым сотқардікінен гөрі басымырақ шығатындай. Мен арыстанша ақырсам, ол қошақанша маңырайтындай. Қанша уақыт өткенін кім білсін, сынып іші адамдарға толып кетті. Арасында мұғалімдер де бар. Қосыла шыққан “әніміз” басылып, сотқар бала ғана ыңырси бастады. Өз бойымды түгендей бастасам, он екі мүшем түгел, бәрі орнында. Бірақ қарсыласымның екі білегін білезігінен қапсыра ұстаған қолдарым тастай болып, қарысып қалыпты. Өз еркіммен айырып ала алатын емеспін. Дәрігерлердің шипалы қолдарына жүгінуге тура келді. Ал сотқар баланың қысымға түскен қолдарының басы қарайып, ісініп барады. Әйтеуір, сынудан аман. Мұндай балғын бойымнан буырқана-бұрсана шыққан күштің қайдан пайда болғанын өзім де түсінбедім…
Сөйтіп, менен таяқ жеген сары тентек сыртымнан маған “Дикарь” деп лақап ат қойыпты. Балалардың көпшілігіне тізесі батып, әлімжеттік көрсетіп, атақ алып жүрген бас-бұзарды тәубесіне келтіргенім менің беделімді күрт көтеріп жіберді. Өзге түгіл, өзім де “Дикарь” деген лақап атымды “Батыр” дегендей сезініп, айналама сес көрсете қарайтын болдым. Қандай да болсын атақ-абырой неге жаман болсын?! Беделіңді түсіргің келмей, белсенділігіңді де арттырасың. Оқуым да күннен-күнге жақсара бастады.
«Жұмсақ ағаш құртқа жем, жұмсақ адам жұртқа жем» деген нақыл сөздің мән-мағынасын да сол бір әлі пісіп-жетілмеген өміріміздің бастауы кезінде ұғынған едік. Мінездің өзгеруі қиын екен: егде жасқа келсем де, өркөкіректермен есеп айырысқым келіп тұрады әлі…
Тілеген ЖЕТЕЕВ.
Жамбыл ауданы.