«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ БІЛСЕҢ, ТІЛЕГІҢЕ ЖЕТЕСІҢ

Мен неміс ұлтының қызы болсам да, жүрегім қашанда “қазақ” деп соғады. Қазақ тілін ана тілім деп есептеймін. Осы елде тұратын әр азаматты “Мен еліме не бере аламын?” деген сұрақ мазалауы тиіс. Бәріміз бірігіп, ел болашағы үшін аянбай еңбек етсек, келешегіміздің жарқын болары айдан анық.

Бала кезімде “өскенде тәрбиеші боламын” деп армандадым. Ақыры сол мақсатыма қол жеткіздім. Бүгінгі таңда мен Шал ақын ауданына қарасты Еңбек негізгі мектебіндегі “Еркетай” шағын орталығында тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Тіл жанашыры болғандықтан, өзге этнос балаларын да, өзіміздің қазақ балаларын да мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеуге, ойын еркін жеткізе білуге жетелеп, ұлттық құндылықтарды бағалауға, сыйлауға үйретемін.

Мен ұлы даналарымыздың шығармаларын кеңінен насихаттау арқылы тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті жандандыру мақсатында аянбай еңбек етіп жүрмін деп мақтанышпен айта аламын. Сөз жауһарларын тереңнен жинайтын қазақ тілін меңгерген сайын оның құндылығына көзім жетіп, әлі де білмейтінім көп екенін ұғына түсемін. Тәуелсіздік тұғырына айналған тіліміздің қыр-сырын білуге менде ниет те, ынта-жігер де бар. Өлшеусіз қазына болып саналатын қазақ тілін бір адамдай үйреніп алғанымның арқасында біраз белестерді бағындырдым. “Мемлекеттік тілім – менің тілім”, “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте”, “Абай оқулары” байқауларына қатыстым. “Тіл – татулық тірегі” республикалық форумның делегаты болдым. Осының барлығы – тіл білгенімнің арқасы.  

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздестім. Менің өмірімде ең бір шуақты сәтке айналған күнді әрдайым ерекше сезіммен еске аламын. Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаған қыз-келіншектер қатарынан орын алғаныма қуаныштымын. Бұл менің мемлекеттік тілді білуімнің жемісі деп ойлаймын. Ондай кездесу ешқашан ұмытылмайды.

Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін де ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай қасиетті мұрамыз – қазақ тілі.

Бүгінде тарих беттеріне көз салар болсақ, қазақ халқының басында талай қиын нәубеттің, қайғылы күндердің болғанын көреміз. Сондай ауыр сәттердің барлығы ел бірлігі, ұлт пен ұлыстар татуластығы, ынтымағы арқасында кейін қалды. Қазір мемлекетіміз күн санап дамып, қанатын кеңінен жая түсуде. Білім аламын, еңбек етемін деген адам үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Осындай келешегі кемел, халқы бақытты егемен елдің азаматы болғанымды мерей тұтамын.

“Береке бастауы – бірлік” дегендей, бейбітшілік бесігінде тербелген мемлекетіміздегі тыныштық еш уақытта бұзылмасын. Егемен елімізде өзге ұлыстар арасындағы достық пен ауызбіршіліктің тамыры тереңге жайылған. Бұл – үлкен бақыт.

Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір, атасы басқа болса да, Отаны бір қаншама этностарды біріктіріп отырған еліміздің ертеңі жарқын болары айдан анық. Тәуелсіздік туы биіктен көрінсін десек, ұлтымызға, дінімізге, ділімізге бөлінбей, сүттей ұйыған бір отбасының баласындай болуымыз керек. Біздер, өзге ұлт өкілдері, қазақ тілін, салтын құрметтеп, ұлттық байлықты сақтауға атсалыссақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бәріміз бірігіп, бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығара білетін болған кезде ғана қарышты қадаммен алға басып, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асырамыз. Қашанда жақсы істердің жаршысы болған жастардың орны – алғы шеп. Өйткені, біз – тәуелсіз елдің жастарымыз.

Марина ВЕНИНГ.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp