«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ ЖАНАШЫРЫ

Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылы – Герольд Бельгердің жеті жасында ата-анасымен жер аудары­лып, ор­та мектепте қазақша оқып, ержет­кен жері. Азаматтық санасы оя­нып, рухани болмысы қалып­тас­қан, тұлға болуға жол салған құт мекені. Қаламгер жайында мә­лімет жинау мақсатында үстіміз­де­гі жылы Герағаң туған ауылға шығармашыл топ мүшелері Өмір­зақ Мұқай, Арман Әлменбет үшеуіміз аттандық. Алдымен Шал ақын ау­дандық кітапханасында, тарихшы Тұрар Оразалин деген ақсақал­мен кездестік. Көпті көрген ауыл тұрғыны Герольд Бельгер жайын­да біз білмейтін біраз естеліктерін айтып, жерлесінің кең жү­ректі аза­мат болғанын зор мақта­ныш­пен жеткізді. Тұрар ағаның мы­на әңгімесімен бөлісуді жөн сана­дым: “1962-1963 оқу жылы бола­тын. Мен ол кезде 5-сыныпта оқи­мын. Сыныбымызға алтын көзілді­рік­ті, қолында таяғы бар, аяғын сылти басқан жас жігіт кіріп келді. Кірген бетінде бірден: “Я буду пре­по­давать”, – деді. Сабақ үстінде бір баладан: “Как тебя зовут?” – деп орысша сұрады. Оның есімі Базар Ғабдуллин болатын. “Ба­зар”, – де­ді сыныптасым. Ол сабақ үстін­де өзге сыныптастарына орынсыз тиі­сіп, көп сөйлейтін еді. Есімін атаға­ны сол екен, Гераға жұлып алған­дай таза қазақ тілінде: “Сен Базар емес, нағыз жәр­меңкесің ғой!”, – де­месі бар ма. Бә­ріміз сол сәтте күл­кіге қарқ бол­дық. Мұғалім Бель­гер бізді жанына жа­қын тартып, бірден баурап әкеткен еді. Мақалдатып көркем сөйлеген­де, оның әңгімелерін ұйып тыңдай­­тынбыз. Өте тамаша ұстаз болатын”. 

Осы сапардан соң Герольд Бель­гердің өз өмірі жайында жаз­ған туындыларымен де кеңірек танысуды өзіме мақсат тұттым. Жазушы шығармаларын ақтара бергенімде қолыма бірінші болып “Автобиографические эскизы” ат­ты кітабы тиді. Оны оқи отырып, Бель­гердің қазақ халқынан көп нәр­сені үйренгенін, туған бауырындай қарсы алған елге шексіз риза бол­ға­нын ұғындым. Автор бұл еңбегінде: “Қысқасы, ақсүйек емеспін. Қара халықтан шыққан­мын” дей келе, кітаптағы үш та­рауда да қазақ жеріне қоныстан­уын, жер­гілікті қазақ халқымен байланы­сын және өмір белестерін кеңінен суреттеп жазады. Сондай-ақ, ол әкесі Карл, жер аударылған өзге де неміс азаматтарының тағ­дыры туралы да сүбелі ой қоз­ғайды. 

Кітапта жазылғандай, Есіл өзе­нінің бойындағы кішкентай ауылға Карл Бельгер отбасымен, зайыбы Анна, кішкентай екі баласы, ұлы – Ге­рольд, қызы Эльмамен көшіп ке­леді. Оның екі қызы Альма мен Ро­за қазақ жерінде туған. Отау ие­сі Карл Фридрихович аймақтағы то­ғыз ауылдың дәрігері болып тынымсыз еңбек еткенде тұр­ғын­дар оның адамшылық қасиет­те­рін тани бастайды. Туындының екінші бөлімінде жазылғандай, со­ғыс уақытындағы ауыл адамдары­на шы­найы қамқорлығын аямаған Карл­ды еңбек армиясынан осы ел­дің қазақтары кері шақыртып ала­ды.
Кітапта Герольд Бельгер өз әке­сін еңбекқор, адамға шын жаны аши­тын, керек жерінде ешкімнен қаймықпай табандылық көрсете­тін, айналасын жасыл-желекке толты­ратын жақсы адам ретінде та­нытады. Бұдан басқа автор өз еңбегінде қазақтардың бауырмал­ды­ғына, адам баласын жатсын­бай­тын, бөтен санап, өзекке теп­пейтін қайырымды жаратылысы­на тәнті бо­­лады. Мысалы, сол тұс­та соғыс­тан “қара қағаз” келіп жатса да, қа­зақ халқы Герольдтің отбасына “неміссің” демейді, қай­та жер аудары­лып келген барша жұртқа жан жы­луын төгіп, өз ағайынындай кө­реді.
Жазушы қазақтың осындай мәрт­тігін айта келіп, кітабындағы әр тараудың эпиграфына неміс диаспорасын туған жерінен айыр­ған кремльдік жарлықтан үзінді кел­тіреді. Бұл тоталитаристік жүйе­нің адам баласының рухын күл-тал­қан етіп құртуға бағыттал­ған ма­шина сияқты екенін таны­тады. Жа­зушы еңбегінде неміс хал­қының жер аударылу хроника­сын түгел­дей баяндайды. Қызыл әс­кердің билігі, елдегі саяси ах­уал, НКВД адам­дарының бақы­лауы – бәрі де шығармада өткір бе­рілген. Сон­дай-ақ, жазушы өз ұлтының туған жерінде патша сара­йынан кем емес үй тұрғызса да, тағдырдың жазуымен одан айры­лып, қаңғып қала бергенін ашына жазады.
Кітаптың үшінші бөлімінде со­ғыс­­тан соңғы бейбіт кезең, алғаш­қы махаббат сыры, азамат болып қалыптасу кезеңі шынайы сурет­те­ле­ді. Бірге оқитын қазақ қызы Ба­ғилаға ғашықтығын автор ай­қын бе­ре алған. Мектепте жоғары сыныпта оқитын жастардың тап-таза се­зімі шынайы суреттеледі. Жа­зу­шы шеберлігінің арқасында оқыр­ман оқиғалардың ішінде жүр­ген­дей болады. Проза үшін бұл ең бас­ты асыл қасиет. Туындыда Ге­рольд өзіне Гари деген лақап ат қо­йып, жолында ылғи жақсы адам­дар кездескенін шебер жеткізеді. Қазақтардан жиі жақсылық көрге­нін айтады. Мысалы, Мәлік Ғаб­дул­лин Гарри-Герольдты ғылымға же­те­лейді, аспирантураға түсір­мек болады. Қазақтың белді аза­маты Сәрсен Аманжолов оны тюр­коло­гия­ға тартады. Бірақ ғалым­ның аяқ астынан қаза болуы Ге­рольд Бель­гердің ғылым жолынан бұрылып, мұғалімдікке кетуіне, одан соң тағдыр жолы әдебиет бас­тауына әкеліп соғады.
Қазақтың кеңдігі мен бауыр­мал­дығы, адамгершілігі мен мейі­рім­ді­лігі, бір сөзбен айтқанда, ең жақсы қасиеттері Герольд Карло­вичке мо­лынан дарыды. Қаламгердің өзі де мұндай қасиеттерді бо­йына сіңір­генін өмір бойы мақтан тұтты. Осын­­­­дай қазақи бол­мысының ар­қа­сында қаламгер қазақ қоғамын­да өскен ортасын сүйетін, ел қамын ойлайтын, шын­дықты айту­дан жас­қанбайтын тұлға ретінде та­ныл­ды. Қазақтың жақ­сылығына қуа­нып, жамандығына күйінетін мұндай жандар қашан да құрметке лайық.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
әдебиет сыншысы.
   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp