
Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылы – Герольд Бельгердің жеті жасында ата-анасымен жер аударылып, орта мектепте қазақша оқып, ержеткен жері. Азаматтық санасы оянып, рухани болмысы қалыптасқан, тұлға болуға жол салған құт мекені. Қаламгер жайында мәлімет жинау мақсатында үстіміздегі жылы Герағаң туған ауылға шығармашыл топ мүшелері Өмірзақ Мұқай, Арман Әлменбет үшеуіміз аттандық. Алдымен Шал ақын аудандық кітапханасында, тарихшы Тұрар Оразалин деген ақсақалмен кездестік. Көпті көрген ауыл тұрғыны Герольд Бельгер жайында біз білмейтін біраз естеліктерін айтып, жерлесінің кең жүректі азамат болғанын зор мақтанышпен жеткізді. Тұрар ағаның мына әңгімесімен бөлісуді жөн санадым: “1962-1963 оқу жылы болатын. Мен ол кезде 5-сыныпта оқимын. Сыныбымызға алтын көзілдірікті, қолында таяғы бар, аяғын сылти басқан жас жігіт кіріп келді. Кірген бетінде бірден: “Я буду преподавать”, – деді. Сабақ үстінде бір баладан: “Как тебя зовут?” – деп орысша сұрады. Оның есімі Базар Ғабдуллин болатын. “Базар”, – деді сыныптасым. Ол сабақ үстінде өзге сыныптастарына орынсыз тиісіп, көп сөйлейтін еді. Есімін атағаны сол екен, Гераға жұлып алғандай таза қазақ тілінде: “Сен Базар емес, нағыз жәрмеңкесің ғой!”, – демесі бар ма. Бәріміз сол сәтте күлкіге қарқ болдық. Мұғалім Бельгер бізді жанына жақын тартып, бірден баурап әкеткен еді. Мақалдатып көркем сөйлегенде, оның әңгімелерін ұйып тыңдайтынбыз. Өте тамаша ұстаз болатын”.
Осы сапардан соң Герольд Бельгердің өз өмірі жайында жазған туындыларымен де кеңірек танысуды өзіме мақсат тұттым. Жазушы шығармаларын ақтара бергенімде қолыма бірінші болып “Автобиографические эскизы” атты кітабы тиді. Оны оқи отырып, Бельгердің қазақ халқынан көп нәрсені үйренгенін, туған бауырындай қарсы алған елге шексіз риза болғанын ұғындым. Автор бұл еңбегінде: “Қысқасы, ақсүйек емеспін. Қара халықтан шыққанмын” дей келе, кітаптағы үш тарауда да қазақ жеріне қоныстануын, жергілікті қазақ халқымен байланысын және өмір белестерін кеңінен суреттеп жазады. Сондай-ақ, ол әкесі Карл, жер аударылған өзге де неміс азаматтарының тағдыры туралы да сүбелі ой қозғайды.
Кітапта жазылғандай, Есіл өзенінің бойындағы кішкентай ауылға Карл Бельгер отбасымен, зайыбы Анна, кішкентай екі баласы, ұлы – Герольд, қызы Эльмамен көшіп келеді. Оның екі қызы Альма мен Роза қазақ жерінде туған. Отау иесі Карл Фридрихович аймақтағы тоғыз ауылдың дәрігері болып тынымсыз еңбек еткенде тұрғындар оның адамшылық қасиеттерін тани бастайды. Туындының екінші бөлімінде жазылғандай, соғыс уақытындағы ауыл адамдарына шынайы қамқорлығын аямаған Карлды еңбек армиясынан осы елдің қазақтары кері шақыртып алады.
Кітапта Герольд Бельгер өз әкесін еңбекқор, адамға шын жаны ашитын, керек жерінде ешкімнен қаймықпай табандылық көрсететін, айналасын жасыл-желекке толтыратын жақсы адам ретінде танытады. Бұдан басқа автор өз еңбегінде қазақтардың бауырмалдығына, адам баласын жатсынбайтын, бөтен санап, өзекке теппейтін қайырымды жаратылысына тәнті болады. Мысалы, сол тұста соғыстан “қара қағаз” келіп жатса да, қазақ халқы Герольдтің отбасына “неміссің” демейді, қайта жер аударылып келген барша жұртқа жан жылуын төгіп, өз ағайынындай көреді.
Жазушы қазақтың осындай мәрттігін айта келіп, кітабындағы әр тараудың эпиграфына неміс диаспорасын туған жерінен айырған кремльдік жарлықтан үзінді келтіреді. Бұл тоталитаристік жүйенің адам баласының рухын күл-талқан етіп құртуға бағытталған машина сияқты екенін танытады. Жазушы еңбегінде неміс халқының жер аударылу хроникасын түгелдей баяндайды. Қызыл әскердің билігі, елдегі саяси ахуал, НКВД адамдарының бақылауы – бәрі де шығармада өткір берілген. Сондай-ақ, жазушы өз ұлтының туған жерінде патша сарайынан кем емес үй тұрғызса да, тағдырдың жазуымен одан айрылып, қаңғып қала бергенін ашына жазады.
Кітаптың үшінші бөлімінде соғыстан соңғы бейбіт кезең, алғашқы махаббат сыры, азамат болып қалыптасу кезеңі шынайы суреттеледі. Бірге оқитын қазақ қызы Бағилаға ғашықтығын автор айқын бере алған. Мектепте жоғары сыныпта оқитын жастардың тап-таза сезімі шынайы суреттеледі. Жазушы шеберлігінің арқасында оқырман оқиғалардың ішінде жүргендей болады. Проза үшін бұл ең басты асыл қасиет. Туындыда Герольд өзіне Гари деген лақап ат қойып, жолында ылғи жақсы адамдар кездескенін шебер жеткізеді. Қазақтардан жиі жақсылық көргенін айтады. Мысалы, Мәлік Ғабдуллин Гарри-Герольдты ғылымға жетелейді, аспирантураға түсірмек болады. Қазақтың белді азаматы Сәрсен Аманжолов оны тюркологияға тартады. Бірақ ғалымның аяқ астынан қаза болуы Герольд Бельгердің ғылым жолынан бұрылып, мұғалімдікке кетуіне, одан соң тағдыр жолы әдебиет бастауына әкеліп соғады.
Қазақтың кеңдігі мен бауырмалдығы, адамгершілігі мен мейірімділігі, бір сөзбен айтқанда, ең жақсы қасиеттері Герольд Карловичке молынан дарыды. Қаламгердің өзі де мұндай қасиеттерді бойына сіңіргенін өмір бойы мақтан тұтты. Осындай қазақи болмысының арқасында қаламгер қазақ қоғамында өскен ортасын сүйетін, ел қамын ойлайтын, шындықты айтудан жасқанбайтын тұлға ретінде танылды. Қазақтың жақсылығына қуанып, жамандығына күйінетін мұндай жандар қашан да құрметке лайық.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
әдебиет сыншысы.