«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ МАЙДАНЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

Уақыт қандай ұшқыр десеңші! «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына да 35 жыл көзді ашып жұмғандай өте шығыпты. Кеше ғана сияқты еді. Егемендігімізден екі жыл бұрын шаңырақ көтерген ұйымның маңайына өз еріктерімен, жүрек қалауымен топтаса отырып, өгей баланың күйін кешкен ана тілімізді тұғырына қондырып, мемлекеттік мәртебе алуына өлшеусіз үлес қосқан, еңбек сіңірген, уақыт өткен сайын есімдері ұмытылыңқырап бара жатқан тау тұлғалы ағаларымызды тебіренбей еске алу мүмкін емес.

Ніл Болатбаев, Мәжкен Ғаббасов, Қилаж Мағазов, Рәшид Бәдірленов, Қабдөш Қалиев, Жақсылық Ысқақов, Қарақан Сейітов, Қайролла Мұқанов, Мүталлап Қанғожин, Газет Әбішев… әрқайсысы қайталанбас бір-бір тұлға ретінде қазағы мүлдем аз Қызылжар өңірінде қыж-қыж қайнап тұрған саяси күрестің алғы шебінен, бел ортасынан табылып, сын сағатта іркіліп қалмады. Жандарына тәжірибесі аз, оң-солын тани қоймаған бір шоғыр жас буынды ертіп жүрді, тәрбиеледі, күрескерлік дағдыларының қыр-сырына қанықтырды. Солардың бірі, бірегейі – Қосыл Әбдірахманұлы Омаров еді. Қосекеңнің кіндігі 1930 жылы 1 мамырда Шал ақын ауданының Балуан ауылында кесілген. Ұлт күрескері, тіл жанашыры ретінде, өткір ойлы публицистикалық мақалалар, естелік-зерттеу, өлең топтамалары арқылы есімі республикаға дейін танылып, ардақталды.

2012 жылы 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды деген суық хабарды естігенде ауыр қаза өзгелер секілді менің жаныма да қатты батты. Өйткені, ел азаматының қоғамдық негіздегі орынбасары ретінде қоян-қолтық қызмет еткен 13 жылдың ішінде адамгершілік болмысы, кемел ақыл-парасаты, жанқиярлық еңбекқорлығы талай рет сүйсіндірген. Оның жастайынан білімге құмартып, қатарластары арасынан оза шығуына Алматы қаласындағы мектеп-интернатты үздік бітіруі, Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тамамдауы, ұлтымыздың зиялы қауымы көп шоғырланған ортада жетілуі, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы, ізгілікті өмірлік мұраттарының берік қалыптасуына жерлесі, ұлағатты педагог Сейтен Сауытбековтен, белгілі тіл мамандары Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазиннен дәріс алуы ықпалын тигізгені анық. Алғашқы еңбек жолын Есіл ауданы Николаевка мектебінде бастап, бір жылдан кейін жас маманға Жамбыл орта мектебіне басшылық ету сенімі жүктелді. Өмірінің көп бөлігі облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, қалалық партия ұйымының екінші хатшысы секілді жауапты партиялық қызметтерде абыроймен жалғасты. Көп жылғы жемісті еңбегінің айғағы іспеттес «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Қосекең «Қазақ тілі» қоғамының облыстық бөлімшесіне 14 жыл бойы үзіліссіз жетекшілік еткен кезеңде ұйымдастырушылық жұмыстарымен ерекшеленді, ұлттық мүдде текетіреске түскенде ешқашан аянып қалмады. 1991 жылы төрағалыққа сайланғаны – көпшілік сенімінен көріне білгенінің айғағы. Өңірде ең беделді ұйымға айналып, тілімізді, ділімізді ұлықтау жолында тау қопарып, тас бұзды десек, бұл – әсіре айтқандық емес. Экономикалық тоқырау шырмауықша шырмап алған алмағайып тоқсаныншы жылдары мемлекеттік құрылымдардың шаңырағы ортасына түсіп, су түбі құрдымға кетіп жатқанда жергілікті «Қазақ тілі» қоғамы, керісінше, бұқаралық сипат алып, өз маңайына ұлт жанашырларын топтастыра білген бірегей орталық болды. Қазақ десе, көкірегі қарс айрылатындар алдымен қоғамды іздеп тапты. Қосекеңнің небір текетірестерге, кедергілерге толы күресте ептілік, саясаткерлік, тіпті ерлікке бергісіз мінез көрсете білуінің арқасында «бас штабтың» шамы самаладай жанып, жарқырап тұрды. Ол «Сөз емес, іс керек» атты мақаласында («Қызылжар» газеті, 1991 жыл) сол кездегі ахуалды былай сипаттайды: «Тіл тағдырына, ел тағдырына тереңірек үңілсек, болашағына болжай қарасақ, түңіліп қаласың, кешегі мүшкіл халдері өзгеріссіз. Мысалы, Қызылжар қаласында 30 мыңға жуық мектеп оқушысы бар, соның екі мыңнан астамы – қазақ балалары. Екі жыл бойы айтып, жазып, бәріміз тер төге араласып жүріп, үш класс ашыппыз. Онда 72 бүлдіршін білім алады. Қалған 2 мың бала кім болады? 12 аудан орталығында 1500-3500- ге дейін жасөспірім мектепке барып жүр. 15-30 пайызы – қазақ, ана тілінде оқитын бір де бала жоқ. Балабақшалардағы жағдай бұдан да нашар. Тамырымызға балта шабылғаны осы емес пе?». Өз ойын «кей ата-аналарда «баламның қазақша білмейтініне біз кінәлі емеспіз, біз қазақша білмесек, ол қалай қазақша біледі, сондықтан орысша оқытамыз» деген түсінік қалыптасқан» деп түйіндейді. Ұл-қызын жетелеп, орысша оқытуға асығатындар қазір де аз емес.

Салыстыру үшін айтайық, 1998 жылы 113 қазақ, 109 аралас мектеп тіркелсе, 2002 жылы 151 қазақ, 102 аралас мектеп болған. Облыс орталығында ұлттық білім ошағы бесеуге жеткен. 757 тіл үйірмесі құрылып, тыңдаушылар саны 15 мыңға дейін өскен. 75 ауылдық округ, 200-дей мекеме іс қағаздарын екі тілде жүргізуге көшкен. 250 маман-аудармашы дайындалған. Көңілге қуаныш ұялататын мұндай цифрларды көптеп келтіруге болады. Ономастика саласында атқарылған шаруалардың басы-қасында Қосыл Әбдірахманұлы тікелей өзі жүрді. Жер-су, көше, аудан атаулары жаппай қазақшалана бастады. Көршілес Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарындағы қазақ диаспораларымен ағайындық қарым-қатынас жақсарып, қоғам тарапынан тіл үйірмелерін ашуға әдістемелік көмектер берілді. Небір сайыс-байқаулар өзгеше нақышта жаңғырды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың бүкілхалықтық деңгейде тойланатыны да осы тұс. Сол кездерде табандылықпен жүзеге асырылған кез келген ұлттық іс-шара ауызға алынса, жоғары мәдениетті, терең білімді Қосекеңнің қосқан үлесі өте қомақты. Супрунюк, Плещаков сияқты шовинист, сепаратист арандатушылармен айқасуына тура келді. Осы жерде Қосекеңнің жүрдек қаламының пайдасы талай рет тиді. Республикалық «Ана тілі», облыстық «Soltüstık Qazaqstan» газетінің беттерінде су ішкен құдығына түкірген зымияндық әрекеттер батыл әшкереленді. Қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысып, үш естелік кітабы, өлеңдер жинағы жарық көрді.

Елін, жерін, ұлтын шын жүрегімен сүйген, бұл бағытта артына өскелең ұрпақ қадірлеп-қастерлейтін өшпес із қалдырған асыл ағамыздың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp