«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ МЕН ОЙ БАЙЛАНЫСЫ

Баланың математикалық қабілеті оның ойлауымен тығыз байланысты. Ойлау дегеніміз – адамға ғана тән бейнелеудің жоғары түрі. Кейбір оқушылар математиканы оқу формуланы, теореманы қолдану деп түсінеді. Шын мәнінде, ол терең ойлануды талап етеді. Кез келген есепті шығару үшін оның шешу жолын анықтап, қолданатын формулаларды, ережелерді, теоремаларды, тағы басқа ұғымдарды білу қажет. Математиканы оқып-үйреніп, жоғары деңгейлі білімге жету үшін көп еңбектеніп, табанды түрде тер төгу керек. Осындай қиын еңбектің арқасында ғана оқушы жетістікке жетеді.

Ойлау – тәрбие арқылы қалыптасады. Өзім оқушының ойлану қабілетін терең дамыту үшін көмекші, үйретуші үлестірме материалдарды қолданамын. Аталмыш үлестірмелерде тапсырмамен бірге есепті шығару алгоритмі, қолданатын формулалар көрсетіледі. Осы үйретуші тапсырмалар арқылы оқушы есеп шығарудың жолдарын, оған қолданатын дұрыс тәсілдерді таңдап алуға жаттығады.

Адам ойы тіл арқылы беріледі. Яғни, тіл оймен тығыз байланысты. Терең ой таза тіл арқылы көрінеді. Жалпы алғанда, ойлау мен тіл диалектикалық бірлікте болады. Математикалық тілді дамытуда формулаларды, теоремаларды жатқа білу ғана емес, терең ойланып, өз пікірін жеткізу ерекше маңызға ие. Есептің шығару жолын ауызша талқылау ойлау мен тіл қабілетін дамытуға жол ашады. Оқушы өзі орындаған тапсырманы өзгелерге түсіндіру арқылы оның ойлау, сөйлеу қабілетінің қаншалықты дамығанын анықтаймыз.

Баланың ауызша сұрақтарға жауап беруі оның математикалық тіл мәдениетін дамытатыны сөзсіз. Сондықтан оқушының тіл мәдениетінің күнделікті дұрыс дамуы, оның терең білімділігімен қатар сөз байлығын тәрбиелеумен ұштасады.

Нарықтық экономика заманында, осы өмірде адаспай өз жолдарын дұрыс таба алатын өзіне сенімді ұрпақты тәрбиелеп, оқыту – біздің мақсатымыз. Өз заманында Абай атамыз айтып кеткендей, үйретуден жалықпаған мұғалім ғана оқушыларға терең білім берері сөзсіз.

Жаңа технологиясы жақсы дамыған мемлекет құру үрдісінде өңіріміздің барлық саласын қамтитын техникалық мамандар ауадай қажет. Аталмыш мамандарды даярлауда математикалық білім ерекше маңызға ие. Сондықтан осы пәнді үйрету, оқыту жаңа талапқа сай болуы тиіс.

Клавдия ТЮЛЕЕВА,

Ғабит Мүсірепов атындағы

орта мектептің математика

пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp