
Достық үйінде тағам әзірлеу бойынша өткен этно-фьюжн байқауы қорытындыланды. Жергілікті этномәдени бірлестіктердің арасында ұйымдастырылған шарада чак-чак тағамы үздік деп танылды.
Аспаздық байқауға орыс, украин, кәріс, беларус, башқұрт, татар мен тағы басқа этнос өкілдері қатысып, әзірлеген тағамдарын таныстырды. Бұл шараның басты ерекшелігі – этнос өкілдері тағамды бірлесе дайындады. Мәселен, “Радзіма” беларус мәдени орталығы мен “HANGUG QAZAQSTAN” қоғамдық бірлестігінің өкілдері “Пакче янкогы баранчык” тағамын пісірді. Батыс пен шығыстың ерекшеліктерін үйлестірген дәм қазылар алқасын таңғалдырды.
– “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық мәдени орталығы екі этносқа ортақ тағам чак-чакты ұсындық. Әр этнос оны әртүрлі дайындайды. Байқау барысында қатысушылар бұл тағамның ерекшелігі туралы да мол мағлұмат алды, – деді аталмыш этно-мәдени бірлестіктің белсендісі Раиса Рамазанова.
Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық орталығы, екінші орындарды “Радзіма” беларус мәдени орталығы мен “HANGUG QAZAQSTAN” қоғамдық бірлестігі алды. Ал “Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы” мен “Світанок” украин мәдени орталығы үшінші орындарды тең бөлісті. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.