
Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде “Тәтті кітап” байқауы ұйымдастырылды. Ерекше байқауға 75 үміткер қатысты.
Аспаздың киімін киген сайыскерлер кітап формасында торт, тоқаш, бәліш сынды дәмді тағам түрлерін әзірледі. Байқау шарты бойынша 3 оқушы, ата-ана және сынып жетекшісінен құралған топ өздері пісірген кондитерлік өнімді қазылар алқасына ұсынды.
– Мектебімізде оқушыларды кітап оқуға ынталандыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. “Тәтті кітап” фестивалі – солардың бірі. Бұл шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Назарбаев зияткерлік мектептерінде “100 кітап жобасы” жүзеге асырылады. Байқау шарты бойынша аталған жобаға енген әдебиеттерді тортымызда бейнеледік, – деді сайысқа қатысушы Сәуле Уәлиева.
Байқауда пісірілген ең үлкен торттың салмағы – 10 килограмм. “Тәтті кітаптардың” қатарында Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұя”, Бердібек Соқпақбаевтың “Балалық шаққа саяхат”, “Менің атым Қожа”, Дулат Исабековтің “Әпке”, Иван Тургеневтің “Отцы и дети” сынды шығармалары болды.
Байқаудың басты шарты – әр команда мүшелері тәтті торт пісірумен қатар өздері таңдаған кітаптың мазмұнын толық білуге міндетті. Сайыскерлер түрлі сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін дәлелдеді.
– Біз қазылар алқасының назарына “Менің атым Қожа” кітабын ұсындық. Бұл кейіпкер маған бала кезден жақсы таныс. Өзім аспазбын. Мұндай тортты алғаш рет пісірдім, – деген Мәди Құрмашевтың тобының тәтті тағамы үздік деп танылып, байқаудың бас жүлдесіне ие болды.
Қазылар алқасы тағамның безендірілуіне, оны әзірлеу технологиясының сақталуына ерекше көңіл бөліп, сайыскерлердің өздері дайындаған кондитерлік өнімді таныстыру деңгейін және оның дәмін бағалады.
Эльмира КӘЛЕНОВА.