«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІРЕГІМІЗ ДЕ, ТІЛЕГІМІЗ ДЕ – ТАТУЛЫҚ

Ұлтаралық және дінаралық татулық – еліміздің басты байлығы. Жүз отыздан аса ұлысқа пана болып отырған байтақ Қазақстан бірлігіне бекемдігімен дүниежүзіне үлгі болуда. Облыс орталығындағы “Достық” үйінде өткен “Этносаралық және конфессияаралық келісім – Қазақстанның тұрақты дамуының факторы” атты “дөңгелек үстел” отырысында қатысушылардың айтқан ойлары да, пікірлері де осыған саяды.

Шара барысында сөз алған Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Балло Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын тілге тиек ете отырып, өңіріміздегі бүгінгі жан жадырататын ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, “Достық” үйінің жанындағы 20-дан аса мәдени орталықтардың қызметі облысымызда тұрып жатқан этнос өкілдерінің “бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол” шығара жұмыс істеуіне септігін тигізіп отыр.  

“Нұр Отан” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Татьяна Чепухина аталмыш мәселеде жастардың атқарар рөлінің зор, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды жобаларының барлығы ел тыныштығын қамтамасыз етудің әрекеті екендігін айтты. Мәскеудегі М. Ломоносов атындағы университет профессорларының сабақ жүйесіне “Н. Назарбаев – ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі” атты арнайы курс енгізгендігін мақтанышпен жеткізді.

Облыстық прокуратураның бөлім басшысы Руслан Мәмбетов аталмыш мәселені кеңінен насихаттаудың құқықтық аспектісі жөнінде сөз сабақтады.

“Конфессияаралық және этносаралық зерттеу орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәуле Сүлейменова Тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде елімізде ұлтаралық, діни қақтығыстардың орын алмағанын, сондай-ақ, діни экстремизммен және лаңкестікпен күресудің 2015-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсат-міндеттерін түсіндірді.

Шарада бірқатар жастардың ой-пікірлері тыңдалды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp