2016 жылдың 22 желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойған болатын. Осыған орай еліміздің өзге қаласына бір айдан ұзақ уақыт тұру үшін барған кез келген қазақстандыққа сол жерде тіркелу міндеттелді. Сонымен қатар, үй немесе пәтерді жалға беретін адамдар да ондағы азаматтарды тіркеуі тиіс.
Кеше жаңа заңның негізгі нормаларын облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бөлім басшысы Ермек Нұсырбаев түсіндірді.
– Қазақстанның өзге қаласына уақытша тұру үшін барған кез келген отандасымыз міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Бұл талапты орындамаған азаматқа 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 15 мың теңге айыппұл салынады. Екінші рет тексеріс болып, талаптың орындалмағаны анықталса, айыппұл 13 айлық есептік көрсеткіш, яғни 29 500 теңге болады. Ал пәтер жалдаушыларды тіркеуге қоймаған үй иелері 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 22 600 теңге айыппұл төлейді, – деді ол.
Ақтөбе мен Алматыда болған лаңкестік актілерден кейін қолға алынған бұл жаңа заң тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әрбір Қазақстан азаматының қай жерде тұрып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл бастама экстремист немесе террорист болуы мүмкін деген күдіктілердің елді мекеннің қай жерінде жүргенін анықтау үшін де қолайлы болмақ. Мұның бәрі өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан шара.
Уақытша тұратын жері бойынша тіркелу бұған дейін де талап етілетін. Тек ол бұрын Үкімет қаулысында көрсетілген болса, енді заңдық тұрғыда бекітілді. Ал тіркеусіз тұру мерзімі 3 айдан 1 айға дейін қысқарды.
Тіркелуге бұрын 8 түрлі құжат және екі күн уақыт қажет болса, енді ол айтарлықтай жеңілдеді. Енді 4-5 құжат пен 10-20 минут уақыт қана керек. Алайда, халыққа қызмет көрсету орталығына тіркелушінің өзі міндетті түрде келуі керек. Әрі одан үй иесінің және өзінің жеке куәліктері, нотариус куәландырған сенімхат, тіркелу үшін 226 теңге төленгені туралы түбіртек талап етіледі.
Заң бүгіннен, 7 қаңтардан күшіне енгенімен, айыппұл салу әлі де көптеген құжаттардың қабылдануын талап етеді. Сондықтан уақытша тіркеусіз азаматтарды анықтау ісі үстіміздегі жылдың 1 ақпанында, ал айыппұл салу 7 ақпанда басталады.
Санитарлық талаптар бойынша пəтерде əр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Əзірге бұл норма Алматыда енгізіліпті. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады. Тіркелген əр адамға пəтерден қаншалықты тұрғын орын берілу керектігі əр аймақта əртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пəтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды.
Көші-қон туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жалғыз бұл емес. Осы заңның 7-бабының 6.1-тармақшасына да өзгертулер енгізіліп, ол Қазақстанда тыйым салынған ұйымдардың мүшелеріне елімізде тұрақты тұруға болмайтынын белгіледі. Сондай-ақ, бұрын Қазақстан азаматтығынан шығарылған адамдардың да республикамызда тұрақты тұру жолы кесілді. Бұл осы баптың 8-тармағында көрсетілді. Ал 9-баптың 6.1-тармақшасына енгізілген өзгеріске сәйкес ішкі істер органдарына Қазақстан аумағынан шығарылу туралы сот шешімі шыққан иммигранттардың кетуін бақылауға алу міндеті жүктелді.
Жергілікті атқарушы органдар еңбек мигранттарын тіркеу мен есепке алу жұмыстарын ұлттық қауіпсіздік органдарын құлағдар ету арқылы ғана іске асырады деген жаңа норма да осы өзгерістердің арасынан орын алған (15-бап, 5-тармақ). Сондай-ақ, осы баптың жаңадан енгізілген 13.1-тармақшасына сәйкес енді жергілікті атқару органдары бизнес-иммигранттардың Қазақстанда тұру мерзімін ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісіп қана ұзарта алатын болды. Ал 48-бапқа енгізілген 12-тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтығынан бұрын шығарылған иммигранттар еліміздің аумағына тек 5 жылдан кейін ғана кіре алатын болды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.