Айыртау ауданындағы Новоукраинка ауылының тұрғыны полицияға “ТТ” маркалы тапанша әкеліп тапсырды. Аудандық әкімшілік полициясы бөлімінің лицензиялық-рұқсат беру жүйесі тобының инспекторы, полиция майоры Берік Шайгөзовтің түсіндіруінше, шілде айының аяқ кезінде оған 57 жастағы ауылдасы келіп, орман ішінен қару тауып алғанын айтқан. Тіркелмеген қару-жарақтарды сатып алу жөнінде республикалық акцияның жүріп жатқанынан хабары бар ауыл тұрғыны 1944 жылы шыққан “ТТ” тапаншасы мен оның 25 оғын полицияға өткізген.
Криминалистер жүргізген сараптамаға сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған тапанша әлі де жарамды болып шықты. Енді бұл азаматқа 51 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы төленетін болады.
– Бұл облыс тұрғындарының полицияға тапсырған бірінші ескі қаруы емес. Біздің өңірде бүгінге дейін тапсырылған қару-жарақтардың ішіндегі ең көнесі 1925 жылы шыққан мушкет, – дейді облыстық әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Сайлаубек Мусин.
Тұрғындардан тіркелмеген қару-жарақтар сатып алу жөніндегі республикалық акция басталғаннан бері облыстық ішкі істер органдарына азаматтардан 539 өтініш түсіп, өз еріктерімен 604 қару және 14 мыңнан астам оқ тапсырылды. Олардың ішінде бір автомат, 54 тегіс ұңғылы мылтық, 46 ұзын ұңғылы және бір қысқа ұңғылы бұрандалы мылтық, сол сияқты екі жаттығу гранатасы мен тоғыз травматикалық тапанша бар.
Облыстық ішкі істер департаментінің комиссиялары жалпы сомасы 24 миллион теңгеге ақшалай сыйақылар төлеу туралы шешімдер шығарып, 15 миллион теңгесі төленді.
Ольга ШИЯН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.