
Бір қолымен бесікті, енді бір қолымен әлемді тербететін аналарға деген құрмет 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында, тіпті, еселене түседі. Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов мәні мен мазмұны терең мейрамға орай сан алуан салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді салтанатты түрде құттықтады.
Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен мерекелік шарада Ерік Хамзаұлы: “Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алады” деген даналық сөз бар. Адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел – тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Елбасы Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезінде: “Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткені белгілі. Бұлардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жалғасын тауып келеді. Ел мен ерге сын болған кезеңде әйелдер қоғам жүгін қайыспай көтере білді”, – деген болатын. Әйел қауымы ұрпақ тәрбиесі арқылы ұлт болашағын қалыптастырады. Сондықтан қоғамдағы ананың, нәзік жанның орны қашан да бөлек. Әрқашан әйел – ақылшы, әйел тірек болып қала береді”, – деді.
Әр кезде де арулар мен аналарға зор жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгі күні өңіріміздің нәзік жандары қоғамдық және саяси өмірге белсене араласып, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүр. Бұған дәлел, облысымыздағы түрлі деңгейдегі 217 депутаттың 52-сі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында да қыз-келіншектердің үлесі басым. Ал 325 нәзік жанды ер-азаматтармен бірге иық тірестіріп, қоғам тыныштығын күзетуде.
Әйелдердің арасында кәсіпкерліктің жілігін шағып, майын ішіп жүргендер де бар. Өңірімізде 34 мың шағын және орта бизнес субъектісі болса, соның тең жартысын әйелдер басқарады. Ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге өңір басшысы қызметте табыс, отбасыларына бақыт тіледі.
Мейірім иелері жиналған салтанатты шарада Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған Галина Масленниковаға Алтын алқа және көпбалалы аналар Гүлмира Қошановаға, Әлия Шайхинаға Күміс алқа табыс етілді. Сондай-ақ, қоғам өмірінің өркен жайып, алға басуына үлес қосып жүрген бір топ қыз-келіншектерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді.
Шұғылалы мерекені облыстың өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарлама, тіпті, шырайландыра түсті.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.