«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІРШІЛІК НӘРІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ —күн тәртібіндегі негізгі мәселе

Дүниенің әр түкпірінде суға зәру болып отыр­ған халықтар аз еместігін білеміз. Шетелдік ғалымдардың жүргізген зерттеулері нәтижесіне сәйкес 2050 жылы әлемде 5,7 млрд. адам су тапшылығын сезінуі мүмкін екен. Өзен-көлдердің, ондағы тіршілік иелерінің жағдайы да алаңдарлық күйде.
Өңірімізде 500-ге жуық балық өсірілетін су қоймасы бар. Шаруашылық мақсатында пайдаланылатын айдындардың көбінде су аймақтары мен белдеулері белгіленбейді. Бұл ондағы биологиялық ресурстарға, судың сапасына, оның көлеміне кері әсерін тигізіп отыр.

Жануарлар дүниесін пайдаланушылар мен жерлері су қоймаларына жақын орналасқан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында су және жер заңнамасын сақтау мәселелері бойынша даулы жағдайлар туындап жатады. Сондықтан су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобасын әзірлеу және су нысанына шаруашылық пайдалану режімін белгілеу оңтайлы шешім болып табылар еді.
Су қорғау аймақтары мен белдеулері жерүсті суларының ластануын және сарқылуын болдырмау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау үшін су нысандарын санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес ұстау мақсатында белгіленеді. Сонымен қатар мұндай шаралар су маңындағы жерлерді жыртудың, улы химикаттар мен пестицидтерді қолданудың, көлікті жуу және жөндеудің, мал, құс жаюдың, қалдықтарды көмудің алдын алады. Су айдынындағы тіршілікті сақтауға, су қоры жерінің нақты мемлекеттік кадастрлық есебін жүргізуге, су нысанын пайдаланудың экологиялық нормаларының бұзылуын, ондағы гидрологиялық және гидрогеологиялық режімнің төмендеуін болдырмауға жағдай жасайды. Мұндай аймақтар мен белдеулер өңіріміздегі 72 көлде, Есіл өзенінде және оның екі ірі саласы – Ақанбұрлық пен Иманбұрлықта және Шарық су қоймаларында белгіленген.
Аумақтарды анықтап, белдеулерді белгілеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал жобалау құжаттамасы су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органмен келісіледі.
Бір су қоймасын бірнеше заңды тұлға пайдалана алады. Мәселен, Петропавл қаласындағы Пестрое көліндегі жануарлар дүниесін пайдалану құқығына бірнеше кәсіпкер ие. Сонымен қатар осы су айдыны қала тұрғындары мен қонақтарының жаппай демалатын орны ретінде пайдаланылуда.

 

Андрей СЛАВНЫЙ,
облыстық табиғи ресурстар
және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының
бас маманы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp