«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІСІМ БҮЛІНБЕСІН ДЕСЕҢІЗ…

Бала біткен тіс дәрігері десе безектеп тұрады. Бірақ тіс ауырса, жан шыдата ма? Бүгінгі күні тісжегісі (кариес) кең таралған кесел болып табылады.Тіс ауруларының алдын алу үшін не істеу керек. Облыстық балалар стоматологиясында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан хирург-стоматолог Сейілбек Қаженовпен әңгімелескен болатынбыз.

– Кейбір балалардың тісі қисық бітеді. Осының себебі неде?

– Баланың сүт тістері қисық өссе, көп ата-ана мән бермей жатады. “Бәрібір орнына жаңасы өседі”, – деп ойлайды. Бірақ сүт тістері қисық шықса, кейін оның орнына шығатын азу тіс те қисық болуы ықтимал. Тістің қисық шығуының түрлі себебі бар. Басты себеп – кальцийдің жетіспеушілігі. Сол үшін сүт тағамдарын жиі қолдану керек. Сосын алма, айва сияқты қатты жемістерді жеп тұрған дұрыс. Өйткені, қатты тағам түрлері тіс эмалінің қалыптасуына сеп болады. Тек ботқа, езбе тәрізді тағамдарды ғана жейтін болса, тіс дұрыс қатаймайды.

Баланың жұтқыншағы дұрыс жұмыс жасамаса да, тіс қисық шығуы мүмкін. Тамақ көмей бездерінің ісуі (аденоид), созылмалы тұмау, бадамша безінің қабынуы (тонзиллит) жұтқыншақ қызметінің бұзылуынан болады. Бұл ауру түрлері мұрын мен ауыз арқылы тыныс алуды қиындатады. Содан тіс иіндері тарылып, тіс бірінің үстіне бірі шыға бастайды.

Бала жарық дүниеге келгеннен кейін гигиена сақтау маңызды. Оларды 3-4 жастан бастап тісін күніне екі рет тазалауға дағдыландыру керек. Жаман әдеттер де тістің түзу шығуына кедергі болады. Мәселен, емізікке әбден үйренген балалар өсе келе аузына саусағын салып жүреді. Бұл да тістің өз қатарында шығуына кері ықпалын тигізеді. Тістердің қисықтығы тұқым қуалауы да мүмкін. Сүт тістерін уақыты жетпей жұлу да, кейінгі шығар тіске кері әсер етеді.

– Сейілбек Ережепұлы, тісті түзетудің қандай жолдары бар?

– Қисық тістерді түзетуге болады. Баланың жас ерекшелігіне қарай түзету жолдары да әрқилы. 5-6 жастан пластиналар, ал 13 жастан брекет жүйесін қолдануға болады. Бұл тіс түзету құралдары кез келген жаста да пайдалы болуы мүмкін. Алайда, тіс дәрігерімен кеңеспестен өз беттерімен тіс түзетуге арналған трейнерлерді қолдануға болмайды. Тісті түзету процесі аса оңай шаруа емес. Қисық тіс аз уақытта түзеліп кете қоймайды. Жақсы нәтижеге жету үшін бірнеше ай, кейде 1-2 жыл шыдаммен күту керек.

– Тісжегісімен қалай күресеміз?

– Тісті дұрыс тазаламаудан тісжегісі пайда болады. Тісжегісі дегеніміз – тіс кіреукесінің бұзылуы. Бірте-бірте тісте тесік пайда болуы мүмкін. Егер де мұндай тісті уақытында емдемесе, жұлып тастаудан басқа амал қалмайды. Сондықтан тісті күн сайын дұрыстап жуу керек. Себебі, тіс кіреукесі – адам ағзасындағы ең берік ұлпа. Беріктігі жөнінен алмас тасына ғана жол береді. Осындай керемет беріктігіне қарамастан, тіс кіреукесі қышқылдарға төзімсіз келеді. Өйткені, оның 96 пайызы минералдан тұрады. Тістің айналасында бактериялар болады. Олар тіс айналасындағы тағам қалдықтарынан тіс қағын жасайды. Тәттіні көбірек жеген сайын да тіс қағы қалыптасады. Тіс қағы ауыздан жағымсыз иіс шығарады. Тісжегісімен күресудің бірден-бір жолы – дұрыс тамақтану. Сүтті тағамдар мен жеміс-жидекті жиі жеп тұру керек.

– Тістерін ағартып жатқан адамдарды кездестіреміз. Әсіресе, қыз-келіншектер. Осының қандай зияны бар?

– Балаларға тісті ағартудың ешқандай қажеті жоқ. “Голливуд күлкісі” деп бәрі тістерін аппақ қылғысы келеді. Тістің сыртында эмаль болады. Ал оның ішінде “дентин” бар. Сол “дентин” азайып қалатын болса, оның ішіндегі кішкентай тамырлар да ашылып қалуы мүмкін. Содан тіс сезімтал болады. Адам дұрыс тамақтанса, сілекейдің өзінде кальций, фосфорлар мол кездеседі. Ашылған тістерді өздері-ақ бітеп тұрады. Мысалы, алма жейтін болсақ, тісіміздің сырты бүдір-бүдір болып тұратыны бар. Біраздан кейін тісіңіз жып-жылтыр болып шығады. Өйткені, алмада қышқыл бар. Сол қышқыл тістің бетін алып кетеді.

Әңгімелескен

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp