Жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы айырмасын “ұстап тұру” үшін үлкен күш жұмсалды. Осы уақытта жұрт үшін сырттан арзан бағамен ағылып жатқан түрлі тауарларды, құрал-жабдықтарды, көліктерді сатып алып, пайда көрудің мүмкіндігі туды. Нарықтың осы уақытын пайдаланғысы келген кәсіпкерлер өндірістің құрал-жабдықтарын жаңартып алуға ниетті болса да, қаржы институттарында арзан несиеге қолжетімдік тетігі қалыптаспағандықтан, ретін келтіре алмады. Осы жерде тағы бір назар аударатын жайт – заманауи технологияларды сатып алғандар оларды іске қосатын білікті мамандардың жетіспеушілігінен жапа шекті. Нарықтың дүмпуі кезеңінің теріс әсері де болды: ішкі сұраным кеміп кетті. Менің есебім бойынша 25-30 пайызға шегерілді. Оған себеп, біріншіден, Ресей нарығынан ағылған арзан тауарлар болса, екіншіден, рубльден кейін теңгеге деген сенімнің төмендеуінен жұрт жиған-тергендерін долларға, еуроға айналдыра бастады. Осы кезде мемлекет тарапынан бизнес субъектілеріне қолдау аз болды. Кәсіпкерлер үлкен қиындық көрді.
Теңгенің айырбас бағамының еркіндікке жіберілуі, сөз жоқ, стратегиялық сипаты бар оң шешім. Кәсіпкерлер болашаққа жоспар құрып, жаңа жобаларды жүзеге асыруды қолға алса, бұл саясаттан ұтарлары көп. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, тауар өндірудегі тиімділік артады. Осы орайда жергілікті билік баға тұрақтылығын сақтау үшін жоспарлы әрекет жасайды. Бірақ одан нәтиже көп бола қоймас. Оның орнына жұрттың еңбекақысын көтерген орынды болар еді.
Теңгенің нарықтық жаңа бағамы – бұл елді дамыту үшін түбегейлі бетбұрыс. Қазақстандық бизнес орта шетелдік бәсекелестеріне дес бере қоймас. Көп кешікпей кәсіпкерлердің еңсесі көтеріліп, Ресей нарығына сіңіп кеткен қаржымыз қайтарылады, теңгенің беделі өседі деп ойлаймын. Ал менің жеке кәсіпкерлігімде соңғы жаңалықтың оң да, теріс те әсері бар. Әлбетте, жұмысымызды жандандыру үшін жаңа жоспар жасауымыз керек. Еңбек өнімділігін арттырып, біліктілікті көтеріп, шығынды азайтып, біз де дамудың заманауи үлгісіне бет аламыз деген сенімдемін. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан да елдегі бизнес ахуалды жақсарту үшін кәсіпкерлікке қолдау көрсетілсе деген тілек бар.
Владимир БОГДАНОВ,
“Барс-Nord” ЖШС-нің
бас директоры.