«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ТҮБІНДЕ БАРЛЫҚ АҚЫН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІНЕ ОРАЛАДЫ»

Ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Алмас Темірбайдың есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. «Аллажар», «Жұмақ жұрт», «Автопортрет», «Мың бір мұң» атты жыр жинақтарының авторы жуырда редакциямызда қонақта болып, ұжым мүшелерімен емен- жарқын әңгімелескен еді. Сыр-сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Алмас Қажыбайұлы, сіз соңғы кездері этнография тақырыбына, өлкетану саласына жиі қалам тербеп жүрсіз. Мұның сыры неде?

– Мен, ең алдымен, іргесін Алаштың ардақты перзенттері қалаған облыстық басылымның мерейтойымен құттықтағым келеді. «Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» газет – түсінген адамға ақпараттың қайнар көзі және таусылмас құнды қазына.

2005-2015 жылдары Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясына көп баратынмын. Ондағы мақсат – Қызылжар, Көкшетаудан шыққан сал-серілердің, би- шешендердің, ақын-жыршылардың өмір жолдарымен, шығармаларымен танысу. Мені тарихи тақырыптарды жазуға ынталандырған да – мұрағаттағы материалдар. Бұрын махаббат тақырыбын жиі жырға айналдырсам, қазіргі кезде этнологияға терең бойлап жүрмін. Қазақ жеріндегі әр мекеннің, тас пен таудың, көл мен өзеннің атауының өз сыры бар, зерттеуді қажет етеді.

– Оқырмандарымызға өзіңіздің өмір жолыңыздан аз-кем ақпарат бере кетсеңіз.

– Мен Ақмола облысындағы қазіргі Зеренді ауданына қарасты Ортақ ауылының тумасымын. Атам Темірбай Сыздықұлының бауырында өстім. Әке- шешем, іні-қарындастарым бөлек тұрды. Атамның бар арманы мені қанаттыға қақтырмай өсіру болды. «Сенің ержеткеніңді көрсем» деп армандайтын. 1995 жылы мектеп бітірдім. Сол жылы атам 87 жасқа қараған шағында дүние салды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Есімдері елге белгілі қаламгерлер Жанарбек Әшімжан, Алмат Исәділ, Қанағат Әбілқайырлармен бірге оқыдым. Жоғары оқу орнын бітірген соң қалалық «Көкшетау», аудандық «Бурабай», облыстық «Арқа ажары» республикалық «Алаш үні», облыстық газеттерінде бас редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, шолушы, облыстық «Көкшетау» журналының бас редакторы қызметтерін атқардым.

– Соңғы уақытта журналистика саласынан көрінбей кеттіңіз. Оның себебі бар ма?

– Журналистика мен ақындық – екі бөлек сала. Менің мақсатым – ақын болу. Сондықтан осы салаға түбегейлі бет бұру туралы шешім қабылдадым. Кейбір жақсы ақындар асаба болып кетеді де, өлеңнен жырақтап қалады. Журналистика саласының жампозына айналған, алайда өз өлеңін жоғалтып алған ақындар да бар.

– Сіздің әлеуметтік желіде кеңінен тараған «Рахмет саған, ана!» деген өлеңіңізді белгілі журналист Дина Төлепберген өз аудиториясына сөзін «Рахмет саған, мама!» деп бұрмалап айтып жүр. Жалпы өз туындыларыңыздың оқырман тарапынан өзгеріске ұшырағанына қалай қарайсыз?

– Әр сөздің өз орны болады. Үндестік деген екі дауыстың бірдейлігі емес, ең кемі екі түрлі дауыстың қиысуы емес пе? «Бір сөз бір сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады», – депті көркемсөз зергері Ғабит Мүсірепов. Сөзді орнымен қолдануымыз қажет.

Қазіргі жас ақындардың өлеңдерін оқып отырсақ, күрделі жазып жатқандай көрінеді. Алайда көбі сөздердің орындарын ауыстырып тастаған. Түсінбес бұрын қабылдау қиын. Сосын «Мынауың күрделі жазатын ақын екен» деген пайым жасайсың. Бірақ шығармашыл адам бір сөз бір сөзге көлеңкесін түсірмей, жарығын түсіруі керек екенін білуге тиіс.

Автордың сөзін өзгертуге болмайды. Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерін оқыған адам өз ыңғайына қарай өзгерте берсе, өлеңнің не құны қалады? «Рахмет саған, ана!» – кез келген аудиторияға арналған өлең. Оқырман жинау үшін мәтінін өзгертіп оқып жүргендерді байқаймын. Оларға хабарласып, ренішімді білдіріп жүрмін. «Жасанды әйел», «Уақыттың қадірі» сияқты жеңіл өлеңдерімді сүйіп оқитындар көп. Ойланып-толғанып жазылған дүниелерім, керісінше, танылмай қалуда.

– Қазіргі әдебиеттегі жас қаламгерлердің шығармаларын оқып отырып, тілдерінің жұтаңдығын аңғарамыз. Олар бұл әрекеттерін «Қазіргі әдебиетте автордың тілі емес, ойы маңызды» деген қасаң түсінікпен ақтап алғылары келеді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?

– Қазақтың өлеңінің өзі ұйқасқа құрылады. Үш буын бола ма, төрт буын бола ма, өлең ұйқасуы керек. Он бір буынды өлеңдер де бар. Ой да маңызды. Ай, жұлдыз сияқты өлмейтін тақырыптарды жаза беру оңай. Ал тарих туралы жазу, детальдарды қолдану қиын.

Қазіргі қазақ поэзиясындағы белгілі тұлға Тыныштыбек Әбдікәкімұлы – мықты ақындардың бірі. Ол қасиетті саналатын төрт кітапты да түгел оқыған. Философияны меңгерген. Өлеңін түсінбей тұрсаң да, ішкі түйсігің «Бұл кісі дұрыс айтып тұр» дейді. Қисынмен жеткізіп тұрғанын біліп тұрасың. Ал қазіргі жас ақындар сұрқия, қиын сөздерді тауып алады да, кірпіш сияқты қалай береді. Не ойы үйлеспейді, не сөзі үйлеспейді, не қисыны келмейді, не жүрек сенбейді, не миға қонбайды. Орыс поэзиясы, ағылшын поэзиясы басқа. Ал қазақ поэзиясы ұйқасқа құралады. Мысалы, жас ақындардың бірі Ерлан Жүніс те күрделі жазып келді де, қазір қазақтың қара өлеңіне оралды.

Әр ақынның, әр журналистің өзінің сөздік қоры болады. Сөздік қор жас кезде қалыптасады. Мысалы, ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығында ай, намаз, құбыла деген сөздер жиі кездеседі. Ал ол сөздер кей ақындарда жоқ. Жалпы бәріміз қазақ тілін жақсы білеміз. Алайда шабыттанып отырғанда ол сөздер ойыңа келмейді. Сондықтан жас ақындар, жас журналистер сөздік қорын молайтып алуы тиіс. Сөздік қор неғұрлым көп болса, ойдың көкжиегі де кеңейеді.

– Көгілдір экранда жүрген әріптестеріміздің кейбірі «туылған», «жатырған», «шақырық», «балдар» сияқты сөздерді жиі қолданып, тіл табиғатын бұзып жүр. Осылай жалғаса берсе, қазақ тілінің болашағын ойлаудың өзі қорқынышты. Қалай күреспек керек?

– Біздің бала кезімізде ауылдағы қарапайым адамдардың өзі көркем әдебиеттің тілімен әңгімелесетін. Ойларын мақалдап, мәтелдеп, астарлап жеткізетін. Қазір әдебиетшінің өзі төгілте сөйлей алмайды. Қазақ тілі тұрмыстық тілге айналып барады. Қазақта «болып табылады» деген сөздің бұрын-соңды қолданылмағаны сан мәрте айтылса да, осы тіркесті пайдаланатын тележүргізушілер көп. Менің ойымша, бұл үрдіс әлемдегі кез келген тілге тән. Ағылшын тілі де тұрмыстық тіл сипатына ие. Шекспирді ағылшындардың өздері түсінбейді. Арабтың тілі де көше тіліне айналып кеткен. Олар өздерінің архаизм, Құран сөздерінің мәніне үңіле бермейді.

– «Ботай жылқылары» деген поэмаңызды оқып шықтық. Аталмыш туынды туралы кеңірек баяндап берсеңіз.

– 6000 жылдық тарихы бар Ботай қонысының ерекшелігі мен одан табылған бірегей қазба ескерткіштері әлем назарын өзіне аударып келеді. Оның қалай ашылғаны жайында сұрақ туындаса, тарих пәнінің мұғалімі, марқұм Есләмбек Зікірияновтың есімін атамау – әбестік. Есләмбек ағамыздан басталған поэмам 80-ші жылдардың басында Петропавл педагогикалық институтының мұғалімі болған Виктор Зайбертке дейін жалғасады.

45 беттік поэмамда көнерген ұғымдар, архаизм мен неологизм сөздер көп. Басқасын айтпағанда, жылқы етінен жасалған тағамның 120 түрін жырға қостым. «Ботай жылқыларынан» кейін этнографияға қызығушылығым оянды.

– Көкшетауда ономастикалық комиссияның отырыстарында жиі төбе көрсетесіз. Қайсібір жылы сіздің бастамаңызбен Көкшетаудағы қос көше Қызылжар өңірінің тумалары Құлеке, Құлсары батырлардың есімімен аталды. Бұл бағытта тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Ономастикалық комиссияның жиналысына бос айғайға салынып, дүбәра дүние жасайтындар емес, өңір тарихынан хабары бар адамдардың қатысқаны дұрыс. Қазір кез келген адам сөйлеп қалғысы келіп тұрады. Шын мәнінде, ономастика – өте нәзік тақырып. Көшеге кез келген адамның есімін беруге болмайды. Бұл бағыттағы жұмыс қаланың немесе елді мекеннің тарихымен үндесіп, қабысып жатуы тиіс. Алдағы күндері қызылжарлық жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевқа көше беруді жоспарлап отырмыз.

Зейнел-Ғаби Иманбаев – менің бала күннен бері сүйіп оқитын жазушым. «Қыран түлегі», «Ауыл түтіні», «Дала көктемі», «Арлан» туындыларын оқып, аңшы болуды армандағанмын. Бірақ аңшы емес, ақын болдым. Әдебиетке деген құштарлығымды оятқан қаламгердің атына бір көше беруге атсалысуды азаматтық борышым деп білемін.

Дайындаған

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp