Сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктер атқарып отырған қызметіне қарамастан заң жүзінде қатаң түрде жауапкершілікке тартылады. Осыны еске салу мақсатында облыстық басқарма басшылары үшін «ЕС-164/1» түзету мекемесіне «саяхат» ұйымдастырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазиннің айтуына қарағанда, осындай алдын алу шарасы арқылы «бармақ басты, көз қыстылықтың» соңы немен аяқталатынын көрсетуге болады. Мұндай шара өңірімізде алғаш рет өтті. Облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған экскурсия барысында шенеуніктер «көк қағазға» құныққан бұрынғы әріптестері жазаларын қандай жағдайда өтейтінін көріп, ой түйгені анық. Сондай-ақ, еліміздің «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңында бірінші басшыларды қарамағындағы қызметкердің жемқорлық әрекеті үшін және алдын алу шарасын өткізуден жүйелі түрде жалтарса, жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бұл да бірінші басшыларға зор жауапкершілік жүктейді.