«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Түзу жолдан тайма!

Жақында қолыма жазушы Мыр­затай Жолдасбековтің “Кісілік кіта­бы” еңбегі тиді. Демде оқып шық­тым. “Қазақ қайтсе қалады қазақ бо­лып?” деген сұраққа жауап іздеген автордың бұл кітабына мемлекеттік мүдде, адамгершілік, кісілік ту­ра­сында жазған мақалалары мен сөйлеген сөздері енгізіліпті. Әсі­ресе маған түзу жолдан жаңылысқан жастарды тезге салу мәселесін көтерген мақаласы ұнады.

 Ел ағасы қара басының қамын ойлаған жігіт­терді қатты сөгеді. “Көрмейтін соқыр, сезбейтін мылқау емеспіз, бәрін де көзімізбен көріп, көкірегіміз­бен сезіп отырмыз. Бесіктен белі шық­пай жатып, халықтың қадіріне жетпей жатып дүние жиып, билікке жармасу етек алды. Билік басына жігіттің бағы асып келсе, қанеки, өкі­ніші, жең ұшынан жалғасып, сы­бай­ласып, тіпті адасып келгендер көбейіп барады. Жастар арасында ұлттық рухтан, ұлттық қасиеттен айырылған отансыздардың көбе­йіп бара жатқаны да бәрімізді қат­ты алаңдатады. Ұлтын ұлықтай ал­мағандардан, ұлттық сезімі, ұлт­тық намысы жоқтардан не үміт кү­ту­ге болады?” – дейді ол. Сөйтіп, ел болып, жұрт болып жастарды өзгеге емес, өнегеге; тәл­піш­тікке емес, тәрбиелілікке; көргенсіздікке емес, көреген­ділікке; әдепсіздікке емес, әдеп­тілікке; қатыгездікке емес, мейірімділікке; тексіздікке емес, тектілікке; опасыздыққа емес, отаншылдыққа баулу керек­ті­гін алға тартады.

“Ұлттығыңды ұлықтау, ата-ана­ны ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, қызға қырық үйден тыю – қазақ арасында қайта қалыпта­сып, бұлжымас заңға айналса бо­лар еді. Жаманнан жирену, жақсы­дан үйрену, әдептен озбау, өткенді игеру, ата салтын бойға сіңіру – ен­дігі жөн-жосығымыз осы болу ке­рек; ұлын – айбар, қызын – әдеп тұт­­қан ел-жұртпыз, ұлдарымыз бен қыз­дарымыз сан ғасырлар қа­лып­тасқан салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, жөн-жосықтың озығына ден қойып, шын пейілмен, ықылас­пен бет бұрса болар еді”, – дейді автор.

Расымен де, қазір адамгершілік қасиеттерден жұрдай жастар жаға ұстатарлық қылықтарды шығарып жүр. Орысша шүлдірлеп, ашық-ша­шық киінген қыздар, балағат сөз­дерді ұялмай айтып, көшеде шырт-шырт түкірген ұлдарды жиі ке­зіктіретін болдық. Демек олар­дың бойына отансүйгіштік қасиеттің да­рымағаны ғой?! Бұл ретте Мыр­затай Жолдасбекұлы: “Біз жас ұр­пақтың ана тіліне, туған жеріне, ба­балардан қалған асыл мұраларға деген сүйіс­пен­­шілігін туғызу арқы­лы ғана отаншылдық сезімін оята аламыз”, – дейді. Идеология­мыз­дың басым бағыттарының бірі осы болса керек.

Тамерлан ЕЛУБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp