Ауданымыздың атын шығарып, абыройын асқақтатқан балуандар аз болған жоқ. Солардың қатарында еркін және қазақша күрес бойынша облыстық, республикалық сайыстарда топ жарған, қазақша күрестен спорт шебері Әубәкір Бектеміров туралы сөз қозғауды жөн көрдім.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары оның отбасымен біз бір көшенің бойында тұрдық, зайыптарымыз бір мекемеде қызмет істеді де, қарым-қатынасымыз жарасымды болып, жиі кездесетінбіз. Мен ол кезде аудан орталығындағы №15 автокөлік мекемесінде мамандығым бойынша қызмет атқардым. Кейін аудандық партия комитетіне ауысқан кезде қолым сәл босай қалса, сол ініме жолығуға асығатынмын. Мені оның күрес өнері қызықтыратын.
Екеуара әңгіме барысында күреске қалай келгенін баяндайды. Сонда ол 15 жасында күрестің қыр-сырын меңгеруге түрткі болған ұстазы Сансызбай Қалиевті жиі еске алып отырады. Ол жұқалтаң келген сары баланың екі бүйірінен, жалпақ арқасынан, кең кеудесінен, білегінің тарамыстанған бұлшық еттерінен болашақ балуанды тани білген. Сәкең ағамыздың еңбегі зая кеткен жоқ.
Мектепте оқып жүрген кезде боз кілем үстінде үздік көрсеткіштерге қол жеткізе білген Әубәкір 1970 жылы Көкшетау қаласында өткен облыстық жарыста топ жарса, 1972-73 жылдары жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері Қ.Мүсіпов атындағы жүлде үшін және Ақтөбеде жалау желбіреткен республикалық турнирлерде екінші орындардан көрінді. Мәдениет ауылында өткен облыстық сайыста қазақ күресі бойынша 90-100 килограмм салмақтағы балуандарға сан ұрғызып, “Түйе балуан” атанды. Ол кезде оның салмағы сексен килограмға жетпейтін. Сондай-ақ,1979 жылы Шымкент қаласында өткен жарыста да осындай дәрежеге қол жеткізді. 1980 жылы Орал қаласында Қазақстан мен Орта Азия елдері арасында өткен додалы жарыста топ жарып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
– Жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіме, біріншіден, жас кезімнен мені еңбекқорлыққа, төзімділік пен шыдамдылыққа, жүректілікке бейімдей білген ұстазымның, екіншіден, ауданнан шыққан аға буын балуандарға қарап бой түзеуім себеп болды, – дейді ол.
Бойына анасының ақ сүтімен дарыған тазалығы мен кішіпейілділігі, білуге, үйренуге деген құштарлығы оны биік деңгейлерге көтерді. Ол Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектепті бітірісімен Петропавл қаласындағы пединститутқа түскен болатын. Бірақ отбасының жағдайын ойлаған жігіт оқуын екінші курстан үзді. Бұл 1972 жыл болатын.
Ол дене шынықтыру пәні бойынша №4 мектепке жұмысқа орналасады. Содан кейін Әубәкір Мағауияұлы өмірінің 26 жылын өзінің сүйікті мамандығына арнапты. Ол қызметін атқара жүріп, 1978 жылы Қарағанды қаласындағы дене шынықтыру техникумын бітірді. Бар білген-үйренгендерін шәкірттерінің бойына сіңіруге тырысып, нәтижесінде есімдері елге танымал көптеген балуандарды тәрбиеледі. Мәселен, оның Сартай Нұрғалиев, Дәулет Мұқанов, Бақыт Хасенов, Болат Смағұлов, Кенже Айтқожин сынды шәкірттері облыстық, республикалық, одақтық деңгейдегі жарыстарда ұстаздарының сенімін ақтай білді.
1998 жылы зайыбы Шолпанмен бірге жеке кәсіпкерлікті қолға алып, халыққа қызмет көрсететін орталықтар ашты. Осы саланың да қыр-сырын меңгерген Әубәкір ауданда ұйымдастырылатын түрлі мәдени-спорттық, діни және басқа да шаралардың басықасында болып, қаржылай қолдау көрсетуді өзіне міндет санап келеді. Өзара түсіністікті сақтай білген ерлі-зайыптылар төрт ұл мен бір қызды өнегелі етіп өсіріп, бүгінде солардан ұрпақ сүйіп, қуанышқа бөленіп отыр.
Бақыт СҮЛЕЙМЕНОВ,
журналист.
Уәлиханов ауданы.
