Жас достар, газетіміздің “Балалар әлемі” қосымшасынан бұған дейін де әлем халықтарының тәлім-тәрбие берер талай ертегілерін оқып келдіңіздер. Біз сол дәстүрімізді жалғастыра отырып, енді “Әлем халықтарының ертегілері” деген айдардың аясында еліміздегі ынтымағы жарасқан ұлттар мен ұлыстардың ертегілерін, ғибратты әңгімелерін жариялап отыруды жөн көрдік. Егер де, балалар, сондай ертегілердің бірін өздеріңіз де білсеңіздер, газетімізге жолдаңыздар. Бірлесе оқиық. Бұл жолы сіздерге тәжік халқының байырғы ертегісін ұсынып отырмыз.
Бір күні түйе мен есек керуендерінен қалып қояды. Олар шөбі шүйгін көгал тауып, сонда жайылуды жөн көрді.
– Түйе, тату-тәтті дос болайық. Бір-бірімізге жүк тасуға көмектесіп, еркіндікте жайылып, өзімізге өзіміз қожа болайық, – деді есек.
Түйе келісе кетті.
Ажырамас достар күні-түні жайылып жүрді. Көп ұзамай есек күй жинап, семіре бастады. Жүні жібектей жылтырап, жерге аунай кетеді. Семіздікті көтере алмай, шабындықта секіріп, ойнақтай жөнелді.
– Түйе, достым! – деп айқай салды есек. – Менің бақыттан басым айналды. Ән айтқым келеді!
– Мұның не, достым? – деп қорқып кетті түйе. – Қазір саған ән айтуға мүлдем болмайды! Бұл ойыңнан арыл. Керуендер жүретін жол торабынан алыс емеспіз. Керуеншілер естіп қалса, артымыздан аңдып, бізді ұстап алады. Жүк тасуды бұйыратын болады.
– Ән салмасам, жүрегім жарылып кетердей. Сабыр сақтай алмаймын. Не де болса, ән айтуым керек, – деді есек.
Басын көтеріп, есек құлақ жарардай бірнеше рет ақырды. Есектің дауысы жер-жерге естілді. Түйенің айтқаны жазбай келді. Оны бір керуенші естіп қалды.
Керуенші екі досты тауып алды. Өзінің жолдан әбден қажыған есегі мен түйесінің жүгін ажырамас достарға артты.
– Мен саған сенің әніңнің кесірінен бір бәлеге ұшырайтындығымызды ескертпеп пе едім? Айтқанымдай болды, – деді түйе ауыр жүкті сүйрей алмай келе жатқан есекке.
Есек үндемеді. Бір мезетте аяғы шөпке оратылып, артылған жүгін құлатып алды. Керуенші оны тұрғызбақ болды. Бірақ ол ауырған кейіп танытты.
– Байғұс есек, ауырып қалған болар, – деген керуенші есек пен жүкті түйенің үстіне артты.
Есек өте риза болды.
Керуен тау жотасында орналасқан тар өткелден өтіп бара жатты. Түйе сонда басын көтеріп:
– Есек, қазір менің бақыттан басым айналып барады. Менің сондай би билегім келіп тұр. Оған сен не дер екенсің? – деді.
– Қазір би билейтін уақыт па? – деп таңғалды есек.
– Сенің айтқан әнің есіме оралды. Сол әуенге би билегім келіп-ақ тұр, – деген түйе аяғын көтеріп қалып еді, есек үстінен құлап түсті.