
Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасов тұрғындармен кездесіп, қорытынды есебін берді. Бескөл ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев қатысты.
Аудан басшысы алдымен өткен жылды қорытындылап, жеткен жетістіктерін тізіп берді. Алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен де бөлісті. Мәселен, биыл Бескөл ауылында жаңа мектеп салынады. Ауыл шаруашылығының да жыл сайын тұрақты түрде дамып келе жатқаны айтылды. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауданда шағын және орта бизнес ойдағыдай дамуда.
Аудан әкімінің айтуынша, 2019 жылғы есепті кездесулер, жеке қабылдаулар кезінде және “WHATSAPP” желісіндегі “Халықтық бақылау” аккаунтына тұрғындардан барлығы сегіз жүзге жуық өтініш-тілек келіп түскен. Солардың тоқсан пайызы осы күнге дейін орындалса, қалғаны бақылауда.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Жоламанұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе, Бескөл ауылында көпқабатты тұрғын үй салу үрдісін жақсы бастамаға балады.
Осыдан кейін микрофон тұрғындарға ұсынылып, олар көкейлерінде жүрген мәселелерін аудан басшылығына жеткізіп қалуға тырысты.
Бірінші сұрақ аудандық аурухананың жұмысына қатысты болды. Бескөл ауылының тұрғыны қазіргі уақытта дәрігерлер қатты ауырып барсаң да электронды кезекке тұрмасаң қабылдамайтынын айтып шағымданды. Бұл сұраққа облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев жауап беруге тырысқанымен, бескөлдіктер шенеуніктің жауабына қанағаттанбады.
Аудандық аурухананың былтыр қызметке кіріскен жас мамандары көтермеақыларын қашан алатындарын және баспана мәселесі қалай шешілетінін білгілері келетінін жеткізді. Алдағы уақытта Бескөл ауылында “Дәрігерлер үйін” салу да жоспарда бар.
Фархат ТАСТАМБЕК.