
Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаментінің ұйымдастыруымен қоғамдық қабылдау өтті.
Былтыр департамент, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалымен және табиғи монополия субъектілерімен, кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірге 21 қоғамдық қабылдау өткізген. Бұл кездесулерде қойылған 51 сауалдың басым бөлігі “СевКазЭнерго” АҚ-ның қызметіне қатысты болды. Бұл жолы да өз өтінішімен келген алты тұрғынның мәселесіне негізінен аталмыш акционерлік қоғам өкілдері жауап берді.
Қала тұрғыны Жәния Бимусинаның айтуынша, отбасы он күннен бері жарықсыз отыр. Мамандар кезекті тексеріс барысында үй иелеріне есептегіш құрылғыға қосымша сым жалғау арқылы жарықты заңсыз пайдаланды деген акт толтырып, 113 мың теңге айыппұл салған. Осылайша, борышкер атанған көпбалалы ана осы күнге дейін төлемдерді толық көлемде уақтылы өтеп келгенін айтады.
– Біз пәтерімізді былтыр сатып алған болатынбыз. Электр энергиясының ай сайынғы қарызын уақытында төлеп отырдым. Дегенмен, биылғы 23 қаңтар күні серіктестік өкілдері электр қуатын ағытып кетті. Содан бері қараңғыда отырмыз. Бізге есептегіш құрылғыға қосымша сым жалғап, электр энергиясын бір жыл бойы заңсыз пайдаландыңдар деген кінә тағуда. Бірақ біз ол сым туралы білген жоқпыз. Қазіргі уақытта айыппұлды төлейтін жағдайым жоқ, – дейді көпбалалы ана.
Бұл сауалға жауап берген ”Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы” АҚ-ы бас директорының орынбасары Евгений Политкиннің айтуынша, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, ереже бәріне бірдей. Тек былтырдың өзінде Петропавлда осындай 159 оқиға тіркелген. Техникалық талаптарды өрескел бұзып, электр энергиясын заңсыз пайдаланушылар қатаң жазаланатын болады. Дегенмен, табиғи монополия субъектілері көпбалалы отбасыға бірқатар жеңілдіктер жасауға уәде берді. Ендігі кезекте қала тұрғыны “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің кеңсесіне барып, қомақты айыппұлды бірнеше айға бөліп төлеу үшін өтініш жазуы қажет. Ал ”Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы” АҚ-ы мамандары пәтеріне электр энергиясын тегін қосып береді.
Қоғамдық қабылдауға келген Гүлнәр Серікова облыс орталығындағы көпқабатты үйдің тұрғыны.
– Мен Жәлел Қизатов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрамын. Тұрғын үйде ақылды есептеу құралы бар. Үйдің бірінші қабатында орналасқан азық-түлік дүкендері тәулік бойы жұмыс істейді әрі пәтер иелеріне қарағанда электр қуатын әлдеқайда көбірек тұтынады. Бірақ бізбен бірдей ақы төлейді, – деді қала тұрғыны.
“Севказэнергосбыт” серіктестігінің басқарма басшысы Галина Литвиненко атап өткендей, заңды тұлғалар электр энергиясының құнын қарапайым тұтынушылар сияқты өтейді. Барлығы заңды түрде жүргізіліп жатқандықтан екі тарап та артық шығындалып жатқан жоқ.
Қоғамдық қабылдауға келген Сүйімхан Әлімханова ай сайынғы коммуналдық қарызын уақытында төлеп тұрғанына қарамастан, төлемнің кешіккені туралы қағаздардың келе беретінін айтып, шағымданды. Табиғи монополия субъектілері өкілдерінің айтуынша, коммуналдық қарызды төлеудің бірнеше жолы бар. Тұтынушылардың көпшілігі төлемдерді “Қазпошта” АҚ-ы, “QIWI” және “Касса24” терминалдары арқылы жібереді. Соңғы жылдары ”Kaspi Gold” қосымшасының қызметіне жүгінетіндердің қатары қалыңдай түскен. Дегенмен, мұндай төлемдер бірнеше күнге кешігіп жетеді екен.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.