«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЙІН

Ерік АСҚАРОВ

 

Абыройлы істер бар атқарылған,

Ерлік те бар дос танып, жат табынған.

Қазақ деген бір ұлтты біріктіру

Оңай емес жүз ұлтты баққаныңнан.

Оймен шолып, бағамдап айналаны,

Қиналасыз: елдіктің қайда амалы?

Қазақ деген бір елге айналғанда

Әлемдегі ұлы елге айналады.

Қазақ деген дана жұрт, дара батыр,

Сарқыт емес, сыбаға алады ақыр.

Қазақ жүзге бөлуін қойған күні

Жау басына орнайды заманақыр.

Жаулыққа бар, достыққа болған елің,

Шейіт кету – жігітке арман өлім.

Қоқан-лоққы жасаған көрші-қолаң

Тауып алсын картадан Жоңғар елін!

Өкшең мұзға тірелсе, алдың жарға,

Қаймықпа, аға, қара орман халқың барда.

Халық Сізге сүйенсе, Сіз – халыққа,

Бұдан артық жалғанда салтың бар ма?

Жау жағаға жармасып, бөрі етекке,

Айырғанда ел-жұртын берекеттен

Ер шиыршық ататын шырғалаңда

Арпалысқан арыстан әрекетпен:

Тарылғанда тынысың, өрісің де –

Келу қиын бәтуа, келісімге;

Ақыл деген кімде жоқ, ақыл-арзан, –

Дана керек даңғайыр ел ісінде.

Барады озып уақыт Құлагерден

Барады асып көшіңіз құба белден.

Айқара ашты есігін еліңіздің –

 Қазақстан ғасыры – мына келген!.. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp