«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮКПІРДЕГІ АУЫЛДЫҢ ТҮЙТКІЛІ БАР

Қызылжар ауданына қарасты Глубокое ауылына қоғамдық көлік қатынамайды. Ал көрші ауылдардан келетіндері көп жағдайда толық болады екен. Елді мекенде қысқы уақытта жолдар да дұрыс тазаланбайды. Осындай маңызды мәселелерді тұрғындар Лесное ауылдық округінің әкімі Ағыбай Жақыповтың есеп беру кездесуінде көтерді.

Лесное ауылдық округінің қарамағына Пресновка және Глубокое елді мекендері кіреді. Бүгіндері мұнда 1250 адам түтін түтетіп отыр.  

Ауылдық округ әкімінің есепті кездесуіне келгендердің басшыға қояр сауалдары аз емес екен. Солардың бірі – Нұрғиза Шайжанова. Зейнеткердің Глубокое ауылында тұрып жатқанына елу екі жыл болыпты.

– Ауыл ішіндегі жол қысқы уақытта дұрыс тазаланбайды. Тек орталық көшелер ғана қардан аршылады. Ал шеткері көшелерге техника анда-санда бір ат ізін салады. Осы мәселеге назар аударылса, дұрыс болар еді, – деді ол.

Бүгіндері елді мекен айтарлықтай түрленіп келеді. Мұнда бір серіктестік пен жеті шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бұдан өзге округте сүт қабылдаумен айналысатын төрт кәсіпкер бар. Ауыл тұрғындарының өнімдері жыл бойы қабылданады. Еңбеккерлер сүттің литрін 55 теңгеден өткізеді. Округте 2 клуб, сонша мектеп, кітапхана мен медициналық қосындар жұмыс істейді.

Өткен кездесулерде тұрғындардан түскен өтініш-шағымдар бойынша бірталай жұмыс атқарылды. Жолдарға ағымдағы жөндеу шаралары жүргізілді.

Шаруа қожалықтары бөлген қаржыға ой-шұңқырлардың біразын тегістедік. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында 2014 жылы Глубокое ауылында спорт алаңы салынды. Пресновкада хоккей корты бой көтерді, – деді өз баяндамасында Ағыбай Жақыпов.

Десе де, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер де жоқ емес. Көпшілікті қоғамдық көліктің жоқтығы қинайды екен.

– Ауылымыз қаладан қырық шақырым жерде орналасқан. Бірақ ешқайда шыға алмай отырамыз. Автобус қатынасы жолға қойылсын, – деді Глубокое ауылының тұрғыны Раиса Стрелкова.

Оған жергілікті басшының айтар өз уәжі бар.

– Бізге бірнеше рет автобус келді, бағыт аштық, бірақ жолаушылар аз. Сондықтан оларға 1-2 адамды ғана тасу тиімсіз. Сондықтан жеке кәсіпкерлер ауылға қатынағысы келмейді, – дейді округ әкімі.

Бұдан өзге тұрғындар елді мекенді Интернет желісімен қамтамасыз ету, ауыл ішін қаңғыбас иттерден арылту мәселесін де ортаға салды.

Мағжан АХМАДИНА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp