«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮКПІРДЕГІ АУЫЛДЫҢ ТҮЙТКІЛІ КӨП

“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Кәрібай Мұсырман Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында болып, жергілікті тұрғындармен – облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің оқырмандарымен кездесу өткізді.

Балуан ауылы – бір кезде даңқы дүрілдеген ауданның бір түкпірінде орналасқан кеңшар бөлімшесі болса да, 100-ден аса үйі, атақты ұстаз, ақын, жазушы Сейтен Сауытбеков ұзақ жылдар басқарған айтулы орта мектебі болған, белгілі қаламгерлер – жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов пен ақын Тоқтар Зікірин сынды қыран ұлдары қияға қанат қаққан алтын ұя, қасиетті мекен. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында әртүрлі себеппен жөні түзу басшыға жарымай, басындағы бағы ұшқан ауданмен бірге бұл ауылдың да іргесі сөгіліп, тұрғындары басқа елді мекендерге үдере көшіп, бүгінде 38-ақ шаңырақ қалған. Оқушы балалар саны да азайып, бертінде Сейтен Сауытбеков есімі берілген орта мектепті негізгі мектепке айналдыруға тура келген.

Аталмыш білім ордасында өткен кездесу барысында Кәрібай Мұсырман облыстағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – “Солтүстік Қазақстан” газеті өзінің биылғы 95 жылдық мерейтойын лайықты жетістіктермен қарсы алғанын тілге тиек етті. Басылым таралымы соңғы жылдары 10 мың данадан асып, қазір орыс тіліндегі өңірлік ресми басылымнан сәл де болса артық болып отыр. Ал оның электронды нұсқасының 19 мың тұрақты оқырманы барлығы анықталып, еліміздегі қазақтілді облыстық газеттердің сайттары арасында ең танымалдарының бірі болып танылған. Балуандықтардың мақтан тұтатын жерлесі Жарасбай Сүлейменов бүгінде бас редактор ретінде қайтадан басшылық етіп отырған шығармашылық ұжым шабытты еңбек, ұдайы ізденіс үстінде.  

“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС басшысы ауыл тұрғындарын ашық әңгімеге шақырып, олардың өздерін толғандыратын мәселелер жайлы айтуларын сұрады. Ал балуандықтардың көкейлерінде жүрген түйткілді жайлар аз емес екен.

– Жекешелендіру жаңа басталған кезде Жарасбай ағамыздың кеңшардан бөлініп шығып, жеке кооператив құру жайлы айтқан ұсынысын дер кезінде тыңдағанымызда ауылымыздың ахуалы басқаша болатын еді. Әттең, қолымызды мезгілінен кеш сермеп, ақыры ортақ меншіктегі мал-мүлік түгіл, еншіміздегі жерімізден де айрылып қалдық, – деді мектеп директоры Торғын Абдрахманова. Әлдекімдердің айла-шарғысымен қолдан-қолға өтіп кеткен 4400 гектар жерге қазір көршілес Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Алма” фермерлік шаруашылығы иелік етуде. Көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде ғана төбе көрсететін “Алманың” басшысына балуандықтардың өкпелері қара қазандай болғанымен, өздеріне тиесілі жерлерін заңды жолымен қайтарып алуға әрекеттенуге дәттері бармай жүрген көрінеді. Жуырда ауылға ауданның жаңа әкімі Ербол Сағдиев келіп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын тыңдағаннан кейін: “Жерлеріңізді пайдаланып отырған фермердің үстінен ауызша айтқан арыздарыңызды қағазға түсіріп, қолдарыңызды қойып беріңіздер. Сонда ғана оны заңды құжат ретінде қарауға болады”, – деген екен. Мұндай сөзді балуандықтарға осыдан бірер жыл бұрын облыстық мәслихат депутаты ретінде Кәрібай Мұсырман да айтқан болып шықты. Алайда, ауыл тұрғындарының ешқайсысы әлі де мұндай арыз жазу жауапкершілігін өз мойнына алғысы келмейтін сыңайлы. Ал “Алманың” басшысы болса, балуандықтардың жер үлестері үшін күзде оларға 1-2 қаптан ұн беріп, өзінше жарылқап тастағандай болып кететін көрінеді…

Ауыл тұрғыны Қайрат Тәнібаев сырттан келіп мал саудалаушылар іп-ірі сиырды небәрі 100 мың теңгеге бағалайтынын, ал Балуандағы 20 шақты үйден сүт сатып алатын Сергеевка сүт зауытының өкілдері бір жарым айдан бері өткізілген өнімнің ақысын төлемей отырғандығын назалана жеткізді. Оның тек өзі ғана 1,5 тонна өнімінің ақысын ала алмағандықтан, аталмыш кәсіпорынға сүт тапсыруды доғара тұруды жөн көріпті. Осы жөніндегі балуандықтардың шағымын естіген аудан басшысы оларға өз орталарынан сүт жинап, өткізумен айналысатын бір адам шығару қажеттігі жөнінде кеңес берген екен. Бұл орайда Кәрібай Мұсырман алысқа бармай-ақ, осы аудандағы Социал ауылының бір азаматы өз ауылдастарынан мал өнімдерін жинап алып, өткізуді тұрақты табыс көзіне айналдырып жүргенін үлгі етіп айтты.

Торғын Абдрахманова ауылда жеке кәсіппен айналысып отырған ешкім жоқтығын айта келіп: “Аудан орталығына барған сайын ауылдастарымның сұрауымен 30-40 бөлке нан сатып әкеліп беріп жүрмін. Ауылда наубайхана, дүкен ашу жайлы талай рет сөз қозғалғаны болмаса, оны нақты қолға алуға ниет білдірген адам әзірге табылмай тұр”, – деп қынжылыс білдірді. Мектеп басшысының сөзінен оның ендігі үміті ауылға Петропавл қаласынан былтыр көшіп келген Жәнібек Исеновте екендігі аңғарылды. Ол жақында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдікті несие арқылы ірі қара сатып алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Зайыбы Сая Өксікбаева “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа орналасқан, әрі бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүр. Жас жұбайлар мемлекет берген қаржыға ауылдағы бос тұрған бір үйді сатып алыпты.

– Ауылымызда әлі 10 шақты үй бұзылмай, бос тұр. Қызылжарға басқа жақтан көшіп келетін ағайындарды біздің Балуанға жіберуге жәрдемдессеңіздер, біз оларды құшағымызды жая қарсы алар едік, – деп, зейнеткер Ескен Меңдібаев көкейінде маза бермей жүрген, алтын бесік – ауылын сақтап қалу жөніндегі арманын құлаққағыс етті облыстық мәслихат депутатына.

Балуан – болашағы бар ауыл. Өйткені, шағын елді мекенде көпбалалы жас аналар саны аз емес. Олардың 5-еуі кейінгі жылдары облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған “Ұрпақ қоры” бағдарламасы бойынша балаларына арнайы депозиттер ашқызып үлгеріпті. Төртінші сәбиін дүниеге әкелсе де, қаржы жетпегендіктен, көп ұзамай жабылып қалған бағдарламаға үлгермей, ренжіп қалған ана да бар болып шықты…

Балуан ауылының іргесі сөгілуінің басты себептерінің бірі – жолдың нашарлығынан елді мекен қарайтын Семиполка ауылдық округі мен аудан, облыс орталықтарына қатынаудың қиындығы. Мәселен, ауылға былтыр ғана көшіп келген Исеновтер отбасысы желтоқсан айының соңғы күнінде Семиполка ауылынан Балуанға шығатын жолды қалың жауған қар басып қалғандықтан, Жаңа жыл мейрамын жол үстінде қарсы алуға мәжбүр болған. “Туған ауылым!” деп атажұртына оралған жастардың сондағы көңілкүйлері айтпаса да түсінікті… Биылғы жыл басында қар алып қалған жолды балуандық жігіттердің жабыла күрекпен тазалаған күндері де болған. Осылайша машақат шегіп, ұнжырғылары түсіп жүрген ауыл азаматтарының «шабадандық» көңіл-күйлерін ауданның жаңа әкімі Ербол Сағдиев бір көтеріп тастапты. Ол жергілікті билік тізгінін қолына алысымен шаруашылық құрылымдарын ауданның ішкі жолдарын қалпына келтіруге жұмылдырғандықтан, Балуанға баратын жол да біршама түзеліп қалыпты. Аудан басшысы ауыл тұрғындарымен өткізген кездесуінде балуандықтардың алдағы қыста былтырғыдай жол азабын көрмейтіндіктерін сендіре айтыпты. Бұған қоса, ауылдағы бірнеше жылдан бері жөндеу көрмей жатқан су құбырын жедел оңдатып беріп, жергілікті тұрғындарды тағы бір риза қылыпты. Өмір шындығынан шығарылған “Бәрі де басшыға байланысты” деген қағиданың дұрыстығына балуандықтар да көз жеткізіп, келер күнге деген үміттерін ауданның жаңа әкімінің есімімен байланыстырып отырғандары анық.

Кәрібай Мұсырман кездесу барысында ауыл тұрғындарының жеке өтініштерін де тыңдап, оларды мүмкіндігіне қарай шешуге жәрдемдесетіндігін айтты.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp