Ақжар ауданындағы Қарашілік орта мектебінде хоккей корты салынып, пайдалануға берілді. Мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарының игілігіне айналған ғимараттың қабырғасы қаланып, көптің көз қуанышына айналуына қарашіліктіктердің де тигізген көмегі орасан. Бұл істен Қарашілікте туып, кейін өмірдің ағымымен еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген азаматтар да шет қалған жоқ.
Бұған дейін біз үшін мұз айдынында конькимен сырғанау орындалмас армандай немесе жақындаған сайын алыстайтын сағымдай көрінетін. Алайда, ауыл атты алтын бесіктерінің дамып, ондағы ұмтылысы жоғары жастардың әлеуетінің артуына жүрегімен септесуді қалайтын азаматтардың барлығына көзіміз әбден жетті. Аталмыш мектеп ұясының бұрынғы бірқатар түлектері Ресейдің Омбы қаласынан арнайы құрылысқа қажетті заттар сатып алып, ауыл азаматтарын ерекше қуанышқа кенелтті.
“Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады” деген халқымыздың ғибратты ұғымын өмірлік ұстанымдарына айналдырған ауыл тұрғындары осылайша жұмылса жұдырық болатындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Өздерін туған жерлерінің, күллі Қазақстанның патриоты санайтын Қарашілік орта мектебінің әр оқушысы аязды қыста аяққа коньки киіп, хоккей ойнауды тағатсыздана күтуде.
Райхан АЙТОЛҚЫН,
Қарашілік орта мектебінің оқушысы.
Ақжар ауданы.