«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЛЕКТЕРІНЕ СЕНЕДІ

Жуырда облыс орталығында волейболдан ерлердің “А” тобындағы ұлттық лига командалары арасында үшінші турдың ойындары басталды. Онда солтүстікқазақстандық “Есіл СК” әзірге екі ұпаймен көш соңында келеді.

Турнир аясында жерлестеріміздің “Атырау” құрамасымен болған кезекті кездесу барысында клуб директоры Александр Кувшиновтан ойыншыларының мүшкіл халі туралы сұрағанымда, басшы біраз мәселенің басын қайырды.

“Маусым аралығында, яғни команда қалыптасқан уақытта біздің құрамада ойнауға ниет білдіргендер болды. Бірақ түрлі себептерге байланысты халықаралық трансфертті жаба алмадық”, – деген директордың сөзіне қарағанда, өзге командалар басқа қалалардан легионерлермен командаларын күшейтіп алса, қызылжарлық құрама біріншілікке тек қана жергілікті ойыншылармен келген. Нәтижесінде легионерлерді қатарларына алмағандарымен, маусым аралығында өзге клубтар көз тігіп жүрген команданың үздік ойыншыларын сақтап қалған. Енді бұл волейболшылар өз орындарында қалып, туған клубтары үшін тер төгуде.  

Әрине, бұл құптарлық іс. Себебі, аталмыш біріншіліктегі сәтсіздіктерге қарамастан, жерлестеріміз ұлттық құрамадан сырт қалған жоқ. Атап айтқанда, солтүстікқазақстандық волейболшылар: Сергей Костив пен Максим Мищенко бүгінде елдің бас командасының сапында сынға түсуде.

Клуб басшысы волейболдың сараптама мен талдауға бағынбайтын спорт түрі екенін атап айтты. Директордың сөзіне қарағанда, бір-екі маусым аралығында чемпиондар мен аутсайдерлердің орын алмасуын волейбол тарихынан мол кездестіруге болады. Алысқа бармай-ақ, биылғы маусымды мысалға алған ол былтырғы маусымда көш соңында қалып, шаң жұтқан “Тараз” құрамасы бұл жолы жеңілістің ащы дәмін татпай келе жатқан жалғыз құрама екенін тілге тиек етті. Ал өткен маусымда жерлестерімізбен бірге төртінші-бесінші орынды бөліскен павлодарлықтар тараздықтардың өкшесін басып келеді. “Өткен жылы сөзсіз фаворит болған “Алматының” мүлдем медальсіз қалу қаупі бар. Міне, болжам мен сараптамаға бағынбайтын спорт деген осы. Бәрі ойдағыдай болса, 2014-2015 жылдың маусымын әлі-ақ қорқынышты түстей еске алуымыз ғажап емес”, – дейді Александр Кувшинов.

Ұлттық лиганың “А” тобындағы тур үстіміздегі жылдың наурыз айында өз мәресіне жетеді. Жергілікті құраманың басты мақсаты – үздіктер қатарынан көріне алмаса да, ең алдымен өздеріне, ал кейін жанкүйерлеріне әлі де болашағы бар, өзгеге қиын қарсылас бола алатын команда екенін дәлелдеу.

Александр Кувшиновтың айтуынша, команданың бүгінгі жағдайына түсіністікпен қараған облыс басшылығы бар мәселені шешу мақсатында қаржыландыруды ұлғайтпақ. Бұл өз кезегінде клуб болашағына сеніммен қарауға негіз болып отыр.

– Біріншілік аяқталысымен солтүстікқазақстандық волейболшылардың екеуімен келіссөз жүргізетін боламыз. Олар: Қанат Ғабдулин мен Жақсылық Тілеулин. Барлығы сәтті өтсе, мамыр айында ұйымдастырылатын ел спартакиадасында етек-жеңі жиналған, жергілікті үздік ойыншылармен қамтылған құрамамен өңір намысын қорғайтын боламыз деген сенімдемін. Өткенде клубымыз меншік түрін серіктестікке өзгерткен болатын. Алдағы маусымда аты мен заты өзгерген клубтың турнир кестесінде көрсеткіші де өзгеретініне сенім артып отырмын, – деді клуб басшысы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp