
Халықаралық Отбасы күніне орай “Отбасы сағаты” республикалық акциясы өткізіліп жатыр. Осы іс-шараға “Жас өркен” шағынауданындағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте білім алып жүрген оқушылардың ата-аналары мен түлектер де атсалысуда. Олар игі іс бастап, алғаш рет түлектер аллеясына ағаш екті.
“Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ” демекші, қазіргі таңда экология мәселесі өзекті. Сондықтан табиғатымызды аялап, қаланы көркейтуге ерекше көңіл бөлу қажет. Мектеп жанына отырғызылған көшеттер ертең жайқалып өсіп, көшеге көрік беріп қана қоймай, шаһарымыздың ауасын тазартуға да үлкен сеп болмақ.
Түлектер аллеясы – мектебіміздің ашылғанына 25 жыл толу мерейтойына үлкен тарту. Биылғы оқу жылын жаңа ғимаратта өткізгенімізге ата-аналар мен оқушылар қуанышты. Заманауи талаптарға сай салынған жаңа ғимарат алыстан көз тартады. Енді ата-аналар мен түлектердің еккен ағаштары тамыр жайып, келешекте саялы баққа айналатынына сеніміміз мол.
Светлана ӘБЖАНОВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.