«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЛЕКТЕР ТОЙЫ ҚАЖЕТ ПЕ?

Санаулы күндерден кейін мектептерде соңғы қоңырау соғылып, тағы бір толқын жаңа өмірге аяқ басады. Содан кейін көп күттірмей Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын күн де жетеді. Тәуекелге бел буып, бұл сынақты да артқа тастаған соң түлектер мектеппен қоштасу кешінде тоғысады. Бұл күнді әрбір оқушы ерекше бір тебіреніспен тосатыны айтпаса да түсінікті. Ал атаулы күнді ата-ана қандай дайындықпен қарсы алады? Жалпы осы түлектер тойы бізге қажет пе? Міне, осы сауалға жауап беру мақсатында біз өзіміздің шағын зерттеуімізді жүргіздік. 

Сонымен, сөзіміздің басын сыңғырлаған соңғы қоңырауға дайындықтан бастайық. Асып кетсе, үш-төрт сағатқа созылатын іс-шараға айтарлықтай қыруар қаржы кетеді. Әрине, ата-ананың қалтасынан. Мәселен, мектептің кіреберіс есігін шармен әдемілеу керек. Оған кем дегенде 5 мың теңге жұмсалады дейік. Айта кету керек, біз қаражат санаған кезде орташа бағамен есептейміз. Себебі, мектептердің талабы да, талғамы да, шыны керек, ата-аналардың қалтасының қалыңдығы да әртүрлі екенін ескереміз бұл жерде. Екінші кезекте жаңағы есіктердің үстіне үлкен қағазға әдемілеп, түлектерге тілек, я болмаса осы тақырып аясында қанатты сөздер жазып, оны іліп қою да бар кейбір мектептерде. Ол да орта есеппен алғанда 5 мың теңге дейік. Ал сынып жетекшісіне, мектепке деген сыйлықты қалай ұмытамыз? Бұл жерде, әрине, арзанқол сыйлықпен мәселені шешу мүмкін емес екендігін айтпасақ та түсінерсіз, оқырман. Ал соңғы қоңыраудан кейін ата-аналар ұстаздарға дастарқан жаяды. Ол да тегін емес, әрине. Осындай үлкенді-кішілі шығындарды санай келе, орта есеппен алған кезде соңғы қоңырауға әрбір ата-ананың қалтасынан 5 мың теңге шығады екен. Сонда әр сыныпта кемінде отыз түлек бар екенін ескерер болсақ, нәтижесінде қанша қаражат жиналатынын санай беріңіз…

Әсем әуенге бөленіп, әрбір оқушының жүрегінде ұзақ сақталып қалатын соңғы қоңырау да өтті делік сонымен. Енді әупірімдеп ең жауапты емтиханнан өткен соң, түлектердің барлығы мектеп бітіру кешіне дайындықты бастап кетеді. Бұл жерде оқырмандар ұлдарға жеңіл, қыздарға қиындау болатын шығар деп ойлар, бәлкім? Ендеше, екі жақтың да дайындығына зер салып көрейік. Бірінші қыз баланың көйлек-көншегінің бағасын есептеп көруге тырысайық. Сонымен, ең әдемі, сәнді деген көйлекті 20 мың теңгеге бағалайық шамамен. Оған бес мыңның аяқкиімін, үш мыңның сөмкесін қосыңыз. Шаш үлгісі мен макияжын да ұмытпаңыз. Ал нәтижесінде кешке бару үшін кемінде 35 мың теңге қажет болады екен. Ал ендігі кезек – ұлдарда. Қыздарға қарағанда оларға, әрине, сән салондарына барудың қажеті жоқ. Олар кемінде 15 мың теңгеге костюмшалбар алса, оған аяқкиім, галстукті қосуды ұмытпайық. Есептей келе ұлдарға кемінде 20-25 мың теңге ақша керек болады.  

Міне, ұл болсын, қыз болсын, әйтеуір, бір түлекті кешке дайындау үшін кемінде 35 мың теңге керек болатынына көзіміз жетті .

Әрине, “Бар жақсылық – балаларға” дейміз ғой, баяғы ата-ана болған соң. Оның үстіне, “Балам ешкімнен кем қалмасын, қатарластарынан ұялмасын” деген ата-ана перзентінің кез келген тілегін орындауға тырысып бағады. Бірақ, үйдегі көңілді базардағы баға бұзатын мына заманда көптің соңынан қалмай, көшпен бірге жүрудің өзі оңай емес, әрине. Сондықтан да көрпеңе қарай көсілмеске амалың жоқ.

Ұл-қыздардың киімдеріне кететін ақша сомасын есептедік қой. Енді оған дәмхана, я болмаса мейрамхана бағасын (оның ішіне отыратын орныңыз, ішетін тамағыңыз кіреді), тойды өткізетін асабаның, әуелетіп ән салатын, мың бұралып би билейтін бишілердің ақысын, кешті бейнетаспаға түсіру сияқты ұсақ-түйек нәрселерді қоса беріңіз. Орта есеппен алғанда бір адамға кемінде 15 мың теңге салып, бір кешке бару деген әрбір отбасы үшін оңай алынатын қамал емес екендігі де жасырын емес. Санай беріңіз, бір отбасының айлық кірісі орта есеппен алғанда жүз мың теңге дейік. Сонда оның қақ жартысын бөліп беріп, бір кешке бару деген ойға қонымсыз емес пе? Осындай ойдан кейін де шығар, бәлкім, түлектердің бәрі бірдей кешке ата-анасын апара алмайды. Әрине, қалта қалыңдау болса, бір үйден үш адам, тіпті, одан да көп баруға болады. Дегенмен де, мұндай адамдар саны санаулы десек, қателеспеспіз.

Иә, өкінішті, әрине, бірақ, қыс бойы жинап-терген артық ақшаң болмаса, табан астында жүз мың теңгені санап беру әр отбасының қолынан келе беретін нәрсе емес шығар. Ал енді бір отбасында екі түлек болса немесе үйемелі-сүйемелі төрт-бес бала болса, не істемек ата-ана? Мұндайда іштен тынып, басыңды шайқамасқа лажың жоқ. Себебі, заман сондай дейміз біз өзімізді-өзіміз жұбатқан болып. Бірақ, ойланып қарасақ, осының бәрін қолдан жасап отырған өзіміз емеспіз бе? Бәлкім, қымбат дәмхананың орнына мектеп асханаларында өткізсек, түлек тойларының бағасы осынша шарықтамас еді. Дәмхана дейміз-ау, қазір оның өзін менсінбей, мейрамханаға ауыз салатынды шығардық. Тіпті, кейбір мектеп түлектері “Лимузинға мініп, қаланы қыдырсақ”, деп армандап қояды. Міне, осындай шарықтау болмай, әр нәрседе шек болса, мүмкін, бұл тақырып та мәселеге айналмас па еді, кім білсін? Ең бастысы, қаражат көзін таба алмай, басы дал болған ата-ана қиналмас еді дейсің де, баяғы аңқау көңілмен.

Міне, аз ғана уақыттың ішінде үш кезеңнен өтіп, нәтижеге де қол жеткіздік. Ал енді біздің санауымыз бойынша мектеп бітіретін бір түлекке биыл бері салғанда 100 мың теңге қаражат қажет болады екен. Сонымен, құрметті ата-ана, әмияныңызда осынша ақша болса, жайлы көңілмен алдағы өтетін кешке дайындала беріңіз. Бастысы, қызыққа толы бір кешке барамын деп жүріп, қарызға батпасақ болғаны.

Міне, осымен түлектер тойына қажет деген қаражаттың соңғы нүктесін де қойған сияқтымыз. Бірақ, бұл Айдың бір беті ғана. Ал енді біз екінші жағына да көз салып, шамамыз келгенше әңгіме ауанын осы төңірекке бұрып көрейік. “Досқа – таба, дұшпанға күлкі болмайын” деп, әйтеуір, мәселені шешуге тырысасыз. Мұның бәрі сайып келгенде үйдің берекесін алып, ата-ана мен баланың ортасына жоқ жерден от салғандай болады. Себебі, бала өз теңдестерінен қалғысы келмейді. Солар сияқты киініп, жарқырап жүргісі келеді. Ал оған кез келген ата-ананың қауқары жете бермейді. Ойланып қарасақ, осындай кештің пайдасынан да зияны басымырақ сияқты. Өйткені, мектепті тамамдап, қолдарына аттестат алған түлектер бұл кеште өздерін ерекше еркін сезініп, тіпті, “ащы судың” дәмін де татып көретіндері болады. Кейбір кездерде оның аяғы өкінішті жағдайларға да әкеп соғады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, сөзіміздің жаны барын оқырмандар да жоққа шығармас деп ойлаймыз.

Ойлап отырсақ, тойдың екінші жағының жай-жапсары, міне, осындай екен. Әрине, барды салып, баруға да болады және солай болып та тұр ғой. Бірақ, жеме-жемге келгенде осының бәрі бізге қажет пе?

Әңгіменің түйіні: “Айта-айта “Алтайды”, Жамал апа қартайды” демекші, біздің де осы әңгімеміз жыл сайын жазылып, соңғы қоңыраумен бірге “сыңғырлайды”. Өкінішке қарай, ол әуенді ешкім де естіп, құлаққа ілмейтін сияқты. Тойға дайындалған түлектер де, ақшаның қамымен жүрген ата-аналар да баяғы бәз қалпында. Бұл оңайлықпен өзгермейтін құбылыс. Дегенмен…

Дерек көздеріне сүйенер болсақ, Жамбыл, Қызылорда облыстарында түлектер тойларын мейрамханаларда жасауға тыйым салынса, Алматы қаласының түлектері де енді аталмыш шараны тек мектепте ғана өткізетін болған. Қырғызстанда да соңғы қоңырауға арналған ойын-сауық кештерін тойлауға бір жыл бұрын тыйым салынғаны белгілі. Олай болса, біз де ойлансақ қайтеді, ағайын?!.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp