Түннің біруағына дейін компьютердің алдында отырған Ермек мектепке тағы ұйықтап қалды. Жанталаса киініп, сөмкесін ашса, құрал-жабдықтары да түгел емес. Қазақ әдебиетін жастығының астынан, тарихты компьютердің артынан әзер тапқан ол біраз уақытын өткізіп алды. Сабақтың басталуына жарты-ақ сағат қалыпты. Оразасын ашпастан мектептегі сабаққа әрең жетті.
Сөмкесін қопарыстырып, ішінен әдебиет оқулығы мен дәптерін алып шықты. Қаламы жоқ. Өзінің пысық, жылдам мінезін танытып, сабаққа кешікпегеніне риза кейіппен орындыққа шалқая бергені сол еді, мұғалім есіктен кіріп келді. Ермекке ұстазының қарасы сұсты көрінді ме, әлде өзінің сабаққа дайын еместігіне қобалжыды ма, алдында отырған Серіктің арқасына басын тақай, партаға жабыса еңкейіп тығыла түсті.
Роза Мақашқызы журналды ашып, парақтай бастады. Қағаздың сылдыры Ермектің құлағына түрпідей тиіп, мазасын кетірді. Үй тапсырмасын сұрауға көшкен мұғалім журналдың басында тұрған Санжарды тақтаға шақырған кезде аузына тығылған жүрегі орныққандай болды. Тақтаға қарай нық адымдаған Санжардың сабаққа дайын екендігін жүрісі аңғартады. Ол Абайдың өлеңін жатқа айта бастаған кезде Ермектің есіне үйге жаттау берілгені түсіп, басын тіптен бұға түсті. Келесі болып тақтаға шақырылған Мөлдір де өлеңді мүдірмей оқып берді. Одан кейін Ерасыл шақырылды. Осы кезде партаға жатып алған Ермектің көзіне ұйқы тығылып, бірер уақыттан кейін Ерасылдың “Қансонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға…” деген дауысы құлағына еміс-еміс жетіп, ұйықтап бара жатты…
Түсінде Ермек нағашы атасы туған күніне атаған көк құнанға мініп алып, алдында кетіп бара жатқан қызыл түлкіні қуып барады екен. Түлкі жеткізер емес. Ермектің “Көк құнанның мәстек болғаны ма?” – деп ойлағаны сол еді әлгі жануарға қанат бітіп, аспанға зулай жөнелді. Қолына оралған жүгенінің орнында компьютердің команда беретін “тышқаны”. Оны саусақтарымен алма-кезек басқан сайын астындағы жылқының шабысы үдеп, аспанға қарай ырши түсті. Төмен қараса, түлкі тұрмақ оның ізінен айрылып қалған сияқты. Кейін шегінейін десе “тышқан” команданы тыңдамайды. “Бағдарламаға “вирус” түсіп кетті ме?” – деп қапаланған Ермек неде болса түлкіні тауып алу керек деген оймен аттан секіріп түсті. Басы жерге тиген ол ұйқысынан оянып кетті. Құлаған дыбысқа жалт қараған сыныптастары Ермектің жерде жатқанын көріп, түсінбеген кейіппен бірер секунд үнсіз қалды да, көзін уқалай жалтақтаған оның не себепті құлағанын түсініп, ду күлді.
Ермектің қасына тез жеткен Роза Мақашқызы басында аяушылық білдірсе де мәселені ұққан соң зілді дауыспен: “Тақтаға шық, үй тапсырмасын айт”, – деді. Өзінің ұсталып қалғанын білген ол басын салбырата орнынан тұрды да мұрнының астынан міңгірлеп: “Жаттаған жоқпын”, – деді. Оның бұл қылығына ашуы келген ұстаз: “Отыр, екі!” – деді. Өзінің осы аптада үш “екі” алғаны есіне түскен Ермек желкесін қаси бергенде қоңыраудың үні естілді. “Егер түсімде әлгі түлкі менен қулығын асырып, зым-зия жоқ болмаса, мен секірмес едім. Түсімде құламасам, қоңырау соққанда бірақ оянар едім. Әттеген-ай!” деген ол өкінішпен сөмкесін сүйрете есікке қарай беттеді…
Гүлмаржан САҒЫНАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.