Қызылжар өңірінің кәсіпкерлері Ресейдің Түмен облысында өткен жәрмеңкеге қатысты. Жерлестеріміз 22 тонна өнім апарып, орталық базарда сауда көрігін қыздырды. Қазақстандық өнімге сұраныс жоғары болды. Теріскейдің сүт-майы мен ірімшігін, шұжығы мен ет өнімдерінің түр-түрін, жұмыртқасы мен балын түмендіктер лезде сатып әкетті. Мұның өзі қазақстандық өнімге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Теріскейлік тауар өндірушілер көрші ел нарығына сыналап еніп, өз орнын алмақ ойда. Біздің азық-түлік сапа жағынан ешкімге есе жібермейді, табиғи таза, бағасы анағұрлым арзан. Тек жарнама жасап, көрсете білу керек.
– Жәрмеңкеге келген 21 компанияның 7-8-і өздерінің өнімдерін осы жерде сатуға келісімге келе алса, бұл біз үшін жұмысымыздың үлкен нәтижесі болып табылады. Басталған жұмысты аяқсыз қалдырмаймыз. Қазіргі таңда ет, сүт өндірушілеріміз ай сайын осында келуге дайын, – дейді облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев.
Бұл – солтүстікқазақстандық тауар өндірушілердің шетелде өткізген алғашқы жәрмеңкесі. Делдалсыз, өз өнімдерін өздері саудалады. Бастысы, алып нарыққа жаңа сүрлеу салынды.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ,
журналист.