
Ресейде Түмен облысы қазақтарының кезекті құрылтайы өтті. Өз ата-бабаларының тілі мен әдет ғұрпын ұмытпау мақсатында ұйымдастырылған шара осымен 23-інші рет өткізіліп отыр.

Түмен қазақтарымен бірге айтулы шараға ат терлетіп келген қонақтар қазақ әндері мен күйлерін нақышына келтіре орындап, өз өнерлерін ортаға салды. Ойын-сауық шарасы аясында палуандар белдесіп, жастар алтыбақан тебісті. Бұдан соң жұртшылық назарына өңірдің 11 муниципалитет делегациясы даярлаған жартылай киіз үйлер ұсынылды. Бұл байқауда бас жүлдені Ишим қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы жеңіп алды. Нұр-Сұлтан қаласының Сән театры сахналаған ұлттық киімдер көрінісі мен ат спорты бойынша бәйге тойдың сәнін келтіріп, көрермендерді ұмытылмас әсерге бөледі. Дәстүрлі жиынға келген делегаттар өзге елде тұрсақ та, бабамыздан қалған әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтауға тырысамыз дейді.
Форумның кеңейтілген мәжілісінде қазақтардың өңірлік ұлттық-мәдени автономиясының жұмысы, болашаққа жоспары да талқыланды. Онда баяндама жасаған Есенғали Ибраев: “Түмен облысында 20 мыңнан астам қазақ тұрады. Автономия жұмысының басты бағыттарының бірі – қандастарымыздыұлттық салт-дәстүріміз мен әдет-ғұрпымызды сақтауға шақыру. Бұл тұрғыда біз жергілікті тұрғындар тарапынан Құрылтайға деген ықыластың артқанын байқаймыз. Биыл жан-жақтан келген қонақтар да көп болды”, – деді.
Бұл туралы материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.