«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮМЕНДІК КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қызылжар өңіріне екікүндік іссапармен келген түмендік кәсіпкерлерді қабылдап, өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жөнінде келелі әңгіме қозғады.

Ерік Хамзаұлы екі өңірдің ынтымақтастығының арқасында бірнеше өзара тиімді байланыстардың орнатылғанын, ақпан айында Түменде өткен “дөңгелек үстел” кезінде олар кеңінен сөз болғанын, әсіресе, Қазақстанның инвестиция тартуға қолайлылығы әңгіме өзегіне айналғанын атап айтты. Мысалы, солтүстікқазақстандық “Көпбейінді құрал-жабдықтар зауыты” түмендік “СибТехОйлмен”, “Петропавл құбыр зауыты” Новый Уренгой қаласының кәсіпорнымен қарым-қатынас орнатса, “Молпродукт” ЖШС Түмен қаласында өз өкілдігін ашты. Облыс әкімі “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік бастамаларға демеуқаржы берілетіндігін, жергілікті кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорындар ашуға, іскерлік ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ешқандай кедергі жоқтығын мәлімдеді.

Ишим қаласы басшысының бірінші орынбасары Алексей Веренчук түмендік делегация құрамында бірнеше компанияның, жауапкершілігі шектеулі қоғамдардың, сауда орындарының басшылары мен өкілдері келгендігін айтып, күзде Түмен облысында өтетін мәдени шараға қызылжарлық өнерпаздарды шақырды.

“Механикалық зауыт” ЖШҚ директоры Павел Осипов Қызылжар өңірімен жақсы таныс екендігін айта келіп, жылдам тұрғызылатын имараттар құрылғысын ұсынуға мүдделілігін танытты.

Осы күні қонақтар С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың баспасөз орталығында жергілікті кәсіпкерлермен пікір алысты.

Түмен облысының бизнес-қауымдастығының өкілдері сапар барысында “Даму” қорында болып, облыстың бірнеше кәсіпорындарын араламақ.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp