
Ресейдің Түмен облысы қазақтарының кезекті құрылтайы өтті. Жылдағы дәстүрге айналған бұл шара биыл Исетское ауданында ұйымдастырылып, жырақта жүрген ағайындар қазақ әндерін әуелете шырқап, биден шашу шашты.
Жан-жақтан ат терлетіп келген қонақтар бір жылды артқа тастап, қайта қауышқандарына шүкіршілік етіп, бір-бірлерінен амандық-саулық сұрасты. Құрылтайға әдейі шақырылған солтүстікқазақстандық делегация құрамында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері мен көркемөнерпаздар ұжымдары болды. Сахнаға шыққандар домбыраның құлағында ойнап, қазақ әндерін нақышына келтіре шырқады. Ойын-сауық шарасы аясында балуандар белдесіп, жастар алтыбақан тебісті. Бұдан соң жұртшылық назарына сол өңірдің 11 муниципалитеті даярлаған киіз үй ұсынылды. Бұл байқауда бас жүлдені Ишим қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы жеңіп алды. Нұр-Сұлтан қаласының сән театры көрсеткен ұлттық киімдер мен ат спорты бойынша бәйге тойдың сәнін келтіріп, көрермендерді ұмытылмас әсерге бөледі.
Бүгінде Ресейде 700 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады. Түмен облысында да қандастарымыз көп қоныстанған. Өз ата-бабаларының тілі мен әдет-ғұрпын ұмытпау мақсатында осымен 23-інші рет өткізіліп отырған құрылтайға келген делегаттар өзге елде тұрса да, бабамыздан қалған әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтайтындарын аңғартты. “Биыл құрылтайға Қорған, Свердлов, Омбы және Челябі облыстарынан меймандар келді. Ата-жұртымыздан да бізді қолдап келген бауырларымыз аз болған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысымен қатар Павлодар, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Өскемен қалаларынан келген ағайындарымыз қуанышымызға ортақтасып, кештің маңызын арттыра түсті”, – деді Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ибраев.
Қазақстандық қонақтар құрылтай аясында Түмен облысының кәсіпорындарын аралап, инвестиция тарту жолдары және туризм саласының жетістіктерімен танысты. Бүгінде жүзден астам қазақстандық кәсіпкер түмендіктермен әріптестік орнатқан. Қазақстанмен бизнес байланыс орнатуға талпынған ресейлік кәсіпорындар да аз емес. Солардың бірі “Тюменьстальмост” зауыты еліміздегі ірі көлік инфрақұрылым нысандарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Бұдан басқа, “Құрылтай – 2019” шарасы барысында “Jusan” халықаралық кәсіпкерлер бірлестігі мен “Отандастар қоры” АҚ арасында бірлескен жобаның тұсауы кесілді. “Отандастар қоры” АҚ-ның өкілі Тоғайбай Рысбектің айтуынша, екіжақты келісім нәтижесінде қолданбалы өнер шеберлерін, соның ішінде ұлттық киім-кешек пен тұрмыстық заттар жасаушыларды қолдау аясы одан сайын кеңейе түспек.
Биылғы форумның кеңейтілген мәжілісінде қазақтардың өңірлік ұлттық-мәдени автономиясының жұмысы, алдағы жоспары талқыланды. Онда баяндама жасаған Есенғали Ибраев: “Түмен облысында 20 мыңнан астам қазақ тұрады. Автономия жұмысының басты бағыттарының бірі оларды ұлттық салт-дәстүріміз мен әдет-ғұрпымызды сақтауға шақыру. Бұл тұрғыда біз жергілікті тұрғындар тарапынан құрылтайға деген ықыластың жыл сайын артып отырғанын байқаймыз. Оның бір көрінісі жан-жақтан келген қонақтар санының көп болуымен байланысты”, – деп, ауқымды шараны ұйымдастыруға белсенді қатысқан ағайындарға зор ризашылығын білдірді.
Сағындық САЛМҰРЗИН,
дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі.
СУРЕТТЕ: құрылтайдан көрініс.