М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында түнгі кезекшілікте жүрген патрульдік полицейлерге сағат таңғы 4.00 шамасында елді мекендегі үйлердің бірінен белгісіз кейуананың есік қаққаны жайында хабарлама түскен. Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына жетеді. Жұқа көйлек пен жалаң аяққа іле салған үй шәркейі ғана бар зейнеткер әйел түнгі аязда қатты тоңған екен. Өзінің кім екенін, қайдан жүргенін айтатын шамасы болмаған. Үй иелері де кейуананы білмейтін болып шықты. Олар әйелге жылы киім кигізіп жібереді.
Полицейлер кейуананың кім екенін, туыстарының аты-жөнін, мекенжайын сұрағанымен нақты жауап ала алмаған. 91 жастағы ұмытшақтық ауруымен ауыратын кейуанаға түрлі фамилияларды атап, кезекші бөлім қызметкерлері солардың бірімен оның қайда тұратынын анықтаған. Патрульді полиция қызметкерлері кейуананы үйге әкелгенде туыстары ұйықтап жатқан. Олар аналарының қашан шығып кеткенін білмеген. Аязда жеңіл киіммен біраз жерге барғанын естіген олардың қандай күйде болғаны айтпаса да түсінікті. Аналарын аман-есен тауып, үйге әкелгені үшін екінші күні кейуананың қызы полицейлердің атына Алғыс хат жолдады.