
Петропавл полицейлері суық түсісімен, тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды анықтау бағытындағы жұмыстарын жандандыра түсті. Полицейлер таңғы сағат 9-дан кешкі 19-ға дейін үйсіздер көп жүретін жылу құбырларын, вокзал маңын, жертөлелерді, қоқыс полигондары мен базарларды тексереді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату қосынына 2348 адам жеткізіліп, 299-ы сот шешімімен сонда орналастырылды.
Қосынның бастығы Руслан Әлібаевтың сөзіне қарағанда, «Қаңғыбас» жедел-алдын алу іс-шарасы мамыр-қыркүйек айларының аралығында өткізілді. Бұл жұмысқа полицияның барлық бөлімшелері жұмылдырылды. Учаскелік инспекторла қабылдау орнына 265 адамды алып келді. Бұл жерде қаңғыбастар фото және бейне есепке алынады, олардың іздеуде жүрген-жүрмегенін анықтау үшін саусақ бедері тексеріледі.
Биыл қабылдау орнына 215 адам тіркеуге алынса, соның 61-і – әйел. Қаңғыбастардың орта жасы – 40 пен 50 аралығында. Олар жазда қараусыз қалған саяжайларда тұрса, күн суытысымен қалаға оралып, вокзал, базар маңдарын жағалайды. Кейбіреулері көп қабатты үйлердің кіреберістерінде түнейді. Мұндай жағдайда тәртіп сақшылары тұрғындардан шұғыл түрде полицияға хабарласуын өтінеді.
Жұмысшы кентінің 2629 шақырымында орналасқан тұрақты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған түнеу орны биыл да жұмыс істейді. 50 орынға шақталған орталық салқын түсе салысымен ашылып, жататын жері жоқ жандарды қабылдай бастады. Қаңғыбастар бұл жерде кешкі сағат 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін бола алады. ӘзірГе келушілер аз болғанымен, аязды күндері түнеу орны лық толы болады.