Аян ҚҰСАЙЫНОВ,
СҚО ТЖД-нің инженері,
өртке қарсы қызмет аға лейтенанты.
14 тамызда түнгі сағат он екіде орталық өрт байланыс пультіне облыс орталығының Кошуков көшесіндегі 9 қабатты тұрғын үйдің лифті шахтасынан түтін иісі шығып жатқандығы туралы қоңырау түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен өртсөндірушілер өрт лифтінің ішінен шыққандығын анықтады. Жалын лифт кабинасын жарамсыз етіп, 1-ден 6 қабатқа дейінгі лифт шахтасын зақымдады. Өрттің күшті болғаны соншалық – түнгі сағат 02:06-да ғана ауыздықталды.
Жалынмен 2 сағат бойы арпалысқан құтқарушылар өрт орнынан 110 адамды қауіпсіз жерге жеткізсе, оның – 8-і бала. Ажал аузынан құтқарылған көпқабатты үйдің 15 тұрғынының – 2-еуі жеткіншек.
Отты ауыздықтауға СҚО ТЖД-нің 15 құтқарушылары мен 4 арнайы техника жұмылдырылды. От шарпыған орын 18 шаршы метрді құрап отыр. Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз.
Абырой болғанда, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.