«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРЕНГЕ САЛАР МЫҚТЫНЫ ҰНАТАДЫ

Гарий Луяның механизаторлық еңбек өтілі қырық жылға жуық. Осы уақыт ішінде ол даланың алып техникасы – “К-700” тракторын ғана жүргізіп келеді. Қазір: “К-700” өте ауыр техника, танапты жаныштап тастайды, осы үлгідегі шетелдік қуатты тракторларға қарағанда тиімсіз” деген әңгіме шығып жүр. Бірақ Гарий Петрович өзі ұнататын трактор туралы мұндай сөздердің бәрімен бірдей келісе бермейді. Айталық, түрен түспеген тың жерге соқа салғанда оған тең келер техника жоқ. Біздің қары қалың қатаң қысты өңірде кез келген жерден тіліп, жол салып беретін де осы техника. Сондай-ақ, топырақты жаншып тастайды дегені де артық айтылған сөз, әйтпесе, осы “К-700” сепкен жерлердің егісі шықпай қалғанын көрген емес.

Әйтеуір, не керек, сонау 1974 жылы көрші Ольгинка ауылындағы №145 кәсіптік-техникалық училищені бітірген жасқа онша жаңа болмаса да, бірден “К-700” тракторын жүргізудің сәті түскені тағдырдың сыйы болар. Ол кезде мұндай алып техника көбінесе тәжірибелі механизаторларға сеніп тапсырылатын. Өзі де соған лайықты жұмыс істеуге тырысып, көрсетілген сенімді ақтай білді. Науқан жұмыстарына тракторын мұқият дайындап, көктемгі егіс пен орақта қамшы салдырған жоқ. Міндетті әскер қатарына алынғанда да, сірә, осындай техникаға отырамын деп ойлаған емес. Сәтін салғанда Солтүстік теңіз флотында әскери қызметін өтеген кезде де “Кировец” тракторымен жағада жүк тасымалдады. Сөйтіп, әскерде де механизаторлық машығы шыңдала түсті.

Туған жері – Шал ақын ауданындағы Рясенка ауылына оралғаннан кейін трактор-егіс бригадасындағы кәсібін қайта жалғастырып, ұжымның маңдайалды механизаторларының қатарына қосылды. Соңғы он бес жылдан бері Сергей Рудкаускастың “Удача” шаруа қожалығында еңбек етеді. Қожалық диқандары көктемгі дала жұмыстарына кірісіп те кетті. Гарий Петрович те өзінің ежелгі серігі – “К-700”-бен ылғал жабуда. Ол молшылық жолындағы күрестің шешуші сәтінде “темір тұлпарының” сыр бермесіне сенімді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp